Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  71


Автор: Ербол Бейілхан

Шілде салқын, шіліңгір жазым қайда?

Шілде салқын, шіліңгір жазым қайда?
Иір жол, оқтау салсаң жазылмайды ә!..
Арқаның сыбызғы үн ақ самалы,
Қамыстың өзегінен саз ұрлайды ә?!..
Сол бір саз, жібек жүрек дір етеді,
Аспан бұлт, қара жердің гүл етегі.
Бір мезгіл жер менен көк үндесе алмай,
Көңілдің көкдөненін мұң етеді...
Биыл жаз жаз емес-ау, күз секілді,
Кінәлап, мен жылатқан қыз секілді.
Бүркелген, бағдаршамды қала суық,
Жоталы таутеке ойнар құз секілді.
Бүгінде қала суық, дала суық,
Шілдеде қалтырайды бала шыбық.
Пышақ кеспес тәніңді сөз кескенде,
Есілді жағалаймын жар асылып...
Ой – ағыс, сыймай солай арнасына,
Арманның шегі бар ма самғасын да.
Сірке жаңбыр, тәнімді малмандай ғып,
Жанымды ойлап тұрмын жар басында.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу