Өлеңдер ✍️

  31.08.2022
  59


Автор: Жанат Әскербекқызы

Күллі әлем – күл...

Күллі әлем – күл,
тіршілік – гүл
Түпсіз аспан күрсініп тұр.
... Қауыз ашқан қаралым-ай,
Құдайыңа құлшылық қыл...
Жүрек бөтен,
жан да бөтен,
Жарық деген жалған екен,


Күлге өскен гүл қасіретін
Енші қылып алған екем.
Тікен тілі – зәрі тамған,
Бойына зәр дарыта алған.
Желегін жел зәрезәп қып,
Үмітінің қары талған.
Бекер... бекер...
егіледі,
Күл астына көміледі.
Ерегісіп ендігі жыл
Неге қайта көрінеді.
Жерге тамған
мұңлы ғаріп,
Қылтияды күлді жарып.
Түйір тамшы тұна қалар
Қарашықтан сырғып ағып...
Күллі әлем – күл,
Тіршілік – гүл,
Құлпыруға құлшынып тұр.
...Қауызыңа кірбің алып,
Қара тасқа мың сыр ұқтыр...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу