Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  99


Автор: Мақпал Жұмабай

Қағаз самолеттерiм

Аунап түстi тағы бiр күн парағы
Айна көлдер – көңілімнің жанары.
Жүрегімнен бірін-бірі қимаған
Сағыныштың қаздары ұшып барады...
Көбелекті қуа алмаймын.
Даласыз.
Табанымда асфальт жүзді,
қала, Сіз!
Қалғым келген
қайғысы жоқ сәби боп,
Қалғым келген
жүректей боп жарасыз.
Сен үшін де, мен үшін де бар құны
Еркеліктің иісі менен аңқыды.
Мен өмірді сүйіп жүрмін ес-түссіз
Балалық шақ, сені сүю арқылы.
Қандай тәтті-ең дәмі бала-өкпенің!
Сол күндерге жүгірсем де жетпедім.
Мені тастап мұңдары көп мекенге
Кетіп қапсың, қағаз самолеттерім!
Қаз сияқты қалықтайды сол арман.
Қол бұлғайды қиялдарым –қара орман.
Көкжиекке сіңіп кетті Бала күн
Қағаз самолеттерімдей жоғалған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу