Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  91


Автор: Имашхан Байбатырұлы

Күпісін ерте киіп ауыл маңы...

Күпісін ерте киіп ауыл маңы,
Бурылдап ақ шоқының сауыр, жалы,
Қояды қара боран, ішін тартып,
Тұрғандай безгегі ұстап ауырғалы.
Торланып əжім-жолмен ауыл маңы,
Топты мал барады өріп табындағы.
Байлаулы ала бұзау тықыршиды,
Жүйріктей бəйге бермес бабындағы.
Шертсем деп таңдап жүріп бір маңдайды,
Ару-қыс ырыс болып жылмаңдайды.
Құрыққа байлап ілген түлкі тымақ,
Ауылдың желкеніндей бұлғаңдайды.
Аяз да күндегіден басымырақ,
Шөптің де əппақ болып шашы бір-ақ,
Тымағын түріп киіп шопан бейғам,
Барады бесатарын асынып ап.
Жел неткен тентек ұлдай өктем еді,
Тауларға ақша бұлтты бөктереді.
Ақ бота əлсін əлі боздап қойып,
Үш саусақ – ерніменен шөп тереді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу