Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  50


Автор: Байыт Қабанұлы

КЕЗЕК БЕР!

Оу, дүние!
Бас кеудеңді күркіретпе деміңді,
Мен білемін сенің арғы тегіңді.
Сенің ашкөз ындыныңа
қанша қан, тер төгілді
Оқасы жоқ дайындай бер көріңді,
Абыржымай тосып алам өлімді.
Қозғама тек шерімді.
Кімдер келіп кім кетпеген
опасы жоқ сарайсың,
Жан біткенді
құл немесе қуыршақ деп қарайсың.
Сен өзіңді теңдесі жоқ асылдыққа балайсың.
Айтшы сонда бір адамға
жүз елу жыл мекен болып көрдің бе,
Ал өйтпесең
басқа қандай ғаламатқа жарайсың.
Мен білемін кімдер келіп, кім кетпеген
опасы жоқ сарайсың.
Не қылғанмен сен адамнан,
адам сенен күн өткізіп көрген емес қашықта,
Әйтсе дағы шығысайық ашыққа.
Мойындаймын елу жылдай
мен де сенің басып келем желкеңді,
Сенде мені басатын күн алыс емес,
асықпа!
Тыңда бірақ:
Саған менің бір сөзім бар
айтпақ болған көп уақыт, көп айдан,
Мен ойландым
сен де ойшыл адамзатпен тең ойлан.
Көп жыл бойы саған еріп мен айландым
өркөкірек дүние,
Жетер енді маған еріп сен айлан!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу