Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  69


Автор: Байыт Қабанұлы

КҮЗ БОЛСА БОЛДЫ...

Күз болса болды
күңірене бастар нарт кеудем,
Тартынбай тұрам мойныма жауыр
жалғанның жүгін арт деуден.
Мұңлы күндердің
мұң менен шерін салт жеуден,
Сап-сары тағдыр садағың бар ма ...
тарт белден,
Сарсаңға түспей қабылдап алар нарт кеудем.
Күз болса болды мұң есер сартап аспаннан,
Құшағын ашып келгеннен де,
желкесін беріп қашқаннан,
Былдыр да былдыр бастаудан,
Былпылдақ кеуде қу қыздар таққан шашбаудан,
Мұң есіп тұрар тас таудан.
Күз болса болды әжім көремін
қыздардың сұлу бетінен,
Жапырақ елі қырғынға кез боп
шуылдап жатар шетінен.
Аңызғақ желдің армандар қашып өтінен,
Босайды буын бекіген.
Өңі жоқ күннен өртеніп нені өтінем.
Күз болса болды
есіме түсер есуас кезім ес білген,
Мейірім күтпен ешкімнен,
Мен тұрмақ тау-тас, тасқын су, тарлан
сары жел тозып ескірген.
Көзіммен емес
кеудеммен көрем көмескі сурет елесті,
Кедергілерді кескілеп өтіп
жолдардан кеше көш жүрген.
Кемдік пен тарлық бетіне сіңген кескіннен,
Керемет кермек кешкі үннен,
Жеті қат жердің астында жатқан
жеті мың жылдан бұрынға,
Жеті аталардың жеті атасының
жетімек үні естілген
Күз болса болды
күндерім өтіп кеткенін білем санаулы,
Аттарым семіз болса да жүйрік жараулы,
Алдыңғы жолым қамаулы.
Қамаулы жолым қараулы,
Қанатып қайтем танауды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу