Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  89


Автор: Байыт Қабанұлы

...Сені өптім жарық өптім, жалын өптім

...Сені өптім жарық өптім, жалын өптім
Санама сарқылмайтын сағым ектім.
Сен тіліңнен, ерніңнен бал емізіп,
Тірліктің тікенегін мамық еттің.
Кім білген өмір сонша тәтті екенін,
Сезіндім дәл тапқандай бақ мекенін.
Сандалып сахарада жүргенімде
Кез болдың қайдан маған ақ бөкенім.
Анықтап сағымданған бұлыңғырды,
Жайлатып жұтаң жанға құлын нұрды.
Кейінгі аз күндерге азық етіп,
Уақыт сені маған ұрындырды.
Жастықтың маужыраған сая бағын,
Жатсынбай жан тәніммен саяладым.
Сен жаным біле тұрып білмеген боп,
Өзіңді жазаладың, аямадың.
Қайтадан бірі екенсің жаралмастың,
Жүзіндей жарқылдадың ақ алмастың.
Сен берген шыншыл жүрек лаззатын,
Енді мен қанша іздесем таба алмаспын.
Көкке өрлеп тұрса дағы бақ талабым,
Мен қайтып сенсіз жерде шаттанамын.
Болсам да жігіт деген опасыз ел,
Қалдырып сені қалай аттанамын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу