Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  62


Автор: Әмірхан Балқыбек

АУЫЛДА

Көшелер дейдi ме кеш жарық,
Кеудемде тербелiп өлеңiм.
Өткен күн сәттерiн еске алып,
Ауылды аралап келемiн.
Ақын боп, шатаққа жақын боп,
Кеткенде дейсiң деп оңар кiм.
Момын ұл болуға мақұл боп,
Мен бүгiн қайтадан оралдым.
Армысыз аталар, әжелер,
Аулалар ақын ұл кiрмеген.
Және де түп-түзу көшелер,
Мен ғана түп-түзу жүрмеген.
Тұр ма ауыл, ойыңа елестеп,
Салған ұл сайранды бағыңда.
Басбұзар бұзақың емес пе ем,
Балауса балалық шағымда.
Алғаусыз арманды қуам деп,
Ауырлап кеттi ме ойларым.
Бiр басқа болар деп күнәм көп,
Мен қазiр бәрiн де қойғанмын.
Елге аян естi ұл екенiм,
Һәм ояу кеудемде намысым.
Мен саған оралдым, мекенiм,
Тәу етер Меккем деп жан үшiн.
Қош айтып кеткенмен мұңайтып,
Балдәурен сәттерi бал қылық.
Жанымды жатқандай тыңайтып,
Санамда қайтадан жаңғырып.
Сынаққа ап шырт етпе төзiмдi,
Сөзi өтiп тұрғандай дәуiрлеп,
Еске сап беймаза кезiмдi,
Бiр күшiк үредi шәуiлдеп.
Күшiк-ай, шын танып үрдiң бе?
Сол төбет, шамасы, көкең-ау.
Сезiмнiң бағасын бiлгенге
Бұл да бiр естелiк екен-ау.
Онда мен ессiз ем, аңғал ем,
Арман ем аяқтан тұрмаған.
Сол кездер үйретiп жатыпты-ау,
Ақындық мiнездi бұл маған.
Қабаған иттерден қашпайтын,
Өзiм боп бұл маңның батыры.
Әдемi ойларға бастайтын,
Ана үйдiң қызғылттау шатыры.
Сол үйде әдемi қыз барды-ау,
Қыз барды-ау өзi де қызғалдақ.
Сол үйге қиялым жүз барды-ау,
Күнiге қақпасын жүз барлап.
Бар әлi бас сипар атам да,
Ол кезде не ұғып, не бiлем.
Шәлкестеу шартпа-шұрт шақарға,
Сол бiр қыз жұмбақ боп көрiнген.
Сол бiр қыз... не деген момын ең...
Қаншама қарасам тоймайтын.
Көздi алар көкала добымен,
Аулада алаңсыз ойнайтын.
Бiлдi ме... мен бе әлде қорланған,
Бiр тәттi ой кетердей жырақтап.
Осынау беймәлiм қорғаннан,
Шықпаушы едi ол бiр аттап.
Арандар апта не айына,
Иттiкпен келдi ме қоштасқым,
Тентектiк қалды да жайына,
Сол үйдiң итiмен достастым.
Ертпестен бiрге ойнар достарды,
Қырандай қиырды шолатын,
Бұл менiң ең алғаш жоспарлы,
Жасаған тiрлiгiм болатын.
Қолда нан... беремiн күнiге,
Төбет те қалғандай көндiгiп.
Доспыз ғой, халi жоқ үруге...
... Әлде мен алдым ба сендiрiп.
Бiр күнi... жоқ әлде бiр заман,
Құрбы қыз көрiнбей көп кеттi.
Онда мен көшеде зырлағам,
Онда мен бiлемiн мектептi.
Күттiм бе, жоқ әлде күтпедiм,
Бiлмеймiн, ол жағы жоқ есте.
Қоңырау күмбiрiн күту де,
Балаға алданыш емес пе.
Кезiм ғой iсiм жоқ бұрыммен,
Бәрi де жадымда өрулi.
Кiнәм не, сол қыздан бұрын мен,
Ұмытсам итке нан берудi.
Үресiң шәуiлдеп, жазған-ау,
Мiнi не бейтаныс кiсiнiң?
Бiр өкпе сол кезден қалған-ау,
Мен сенi түсiнем, күшiгiм.
Шатақшыл ақыннан қашпайтын,
Өзiңсiң бұл маңның батыры.
... Әдемi ойларға бастайды,
Ана үйдiң қызғылттау шатыры..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу