Өлеңдер ✍️

  29.08.2022
  91


Автор: Есләм Зікібаев

САҚИНА

Сақинам деп отырады атам да,
Зорға таңын атырады апам да.
Қайдан сонша таусылмайтын сақина,
Мамамда көп, бар біреуі папамда.
Мен сұрасам, бəрі бірдей күледі,
Мамам тіпті айырылмайды бір елі.
Атам менен əжем болса қиналып,
Сақинадан құтыла алмай жүреді.
Атам менен əжемнің кіл қасында
Жүрсем дағы білмей қойдым расында,
Папам менен мамамдікі қолында,
Атам менен əжемдікі басында.
Таңдана ма көріп сұрым-сиқымды,
Таң қалғаны – келтіреді күлкімді.
Үлкендердің сəнге тағар бұйымы
Өзгешелеу бола ма екен бір түрлі.
Білмесем де соларының не екенін,
Деймін қашан мен де соған жетемін.
Атам айтты: «Түсінесің өскенде»,
Папам айтты: «Қой, сақина не теңің!»
Ұға алмаса, бала көңілі тола ма,
Айтыңызшы, білесіз ғой соны, Аға.
Баста жəне саусақтарда жүретін
Сақинаның сан түрлісі бала ма?..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу