Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  144


Автор: Есләм Зікібаев

Алтыным бар

Алтыным бар,
Мысым бар,
Жезім де бар,
Алақұйын, көк дауыл сезім де бар.
Асып-тасып, арнамнан ақтарылып
Сыймай жатар сабама кезім де бар.
Келеңсіз бе,
Тірлігім келелі ме,
Өршіл өмір бағыма береді не.
Кейде тұнық өзендей тынып аққан
Жетпей жатам жететін кемеріме.
Жетпей жатам жететін кемеріме,
Тебіреніссіз тірліктің керегі не.
Ойлар бірде еріксіз əкетеді
Шым батырып тұңғиық тереңіне.
Діңгегінде жұмыр жер шыр айналып,
Күн артынан күн келер шырайланып.
Көңіл күйін құямын жырларыма
Қалмасын деп тұнығым лайланып.
Дертім болса, жұртым бар айтар емін
Тұнығымды тындырмай шайқа менің.
Ұшсам – ұя, қонсам – құт аялаған
Тірлігімнің тұғыры – байтақ елім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу