Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  92


Автор: Есләм Зікібаев

Бір басыма жететін бар шаттығым, бар мұңым –

Бір басыма жететін бар шаттығым, бар мұңым –
Қайшылықтан тұрады əр сағатым, əр күнім.
Жұдырықтай жүрекке соның бəрін сыйғызып,
Елшідейін күн кешем келістіріп барлығын.
Жосықсыз бір кезім бар –
Басымнан сөз асырмай,
Жүрегімде бұрқаған алақұйын басылмай,
Арнасына сыймаған өзен де бір – мен де бір,
Қиып түсем кімді де жайдың оғы – жасындай.
Күндер бойы соғады ақ бораным ашылмай,
Пенде түгіл, Алланың алдында да бас ұрмай.
Дос боп келген адамға дос құшағымды айқарам,
Жан сырымды жалтақсыз жайып салам жасырмай.
Достарым бар ел сынды,
Дұшпаным да жетеді,
Бірі тау ғып көтерсе,
Бірі жер ғып кетеді,
Таразының тіліндей бар-жоғымды анықтап,
Өмір бойы арбасып күн кешуде екеуі.
Шүкіршілік оған да,
Қызу күрес əр күнім,
Басқаны емес,
Өзімнің жүрегімнің жарлығын
Орындауғы тырысам.
Дос, дұшпанның барлығы –
Жер бетінде есен-сау менің дағы барлығым!
Ерте ме, кеш пе, əркім-ақ соңғы күнін күтеді,
Сонда дағы тіршілік неткен ғажап құт еді.
Мен кетсем де, достарым қалады, оны білемін,
Дұшпандарым сол күні өз-өзінен бітеді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу