Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  211


Автор: Есләм Зікібаев

АҚЫЛ АЙТҚАНДА НЕМЕРЕМ

Шаттықты жазғым келеді,
Бақытты жазғым келеді,
«Шат-бұтты» жазғым келеді,
Уақытты жазғым келеді.
Нені жазсам да, əйтеуір,
Жетеді салдар-себебі,
Жетеді дəйек-дерегі.
Лаулатар жанды, сезімді от,
Алтыным, мысым, жезім көп...
Асып та жүрген кезім жоқ,
Тасып та жүрген кезім жоқ.
Алды-артым құздай құлама,
Бірі аға – досым, бір аға...
Айтпай-ақ қойдым, сұрама,
Тəңірім берген сыбаға.
Көңілдің балдай шырыны
Шыққандай жұлым-жұлымы.
Қалды ма екен, Құдай-ау,
Алдымды орап бір іні,
Бұзылған көңіл тұнығы.
Жанымды желеп-жебеген,
Қоярмын қайтіп сені, өлең?
Тасқа тигендей селебем.
Кей-кейде күңгірт күй кешем
Қалып қойғандай кемеден,
Ақыл айтқанда немерем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу