Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  107


Автор: Есләм Зікібаев

КЕШІРСІН ТƏҢІРІМ

Ұйқыдан шошып оянып жынданған жандай күнбе-күн,
Инемен құдық қазғандай, қопарып бақтым жыр кенін.
Өзіме бəрі осалдай опырып ойдан алғаным,
Былайғы жұртқа қаншалық құны бар, оны білмедім.
Қаншалық құны, қадірі?
Айта алман оны, білмедім,
Шыңыраудан тартып шығардым бірде қуаныш, бірде мұң.
Таразы басын тең басып қалтылдап тұрған тəрізді
Мына тірліктің пенде боп жылағаны мен күлгенім.
Ақынға біткен осалдық – мақтаудан бəрі дəмелі,
Сыналып жатса əзірдей оған да себеп-дəлелі.
Халқым деп сөйлеп «қамқорсып» көкірек ұрып жүргенде
«Ұлым!» – деп жатса шіркінді жарасар еді-ау бар елі.
Өзім де көптің бірімін –
Не айтуды кейде білмедім,
Айтар-ақ едім, сөзімді ескеріп жатыр кім менің.
Арнаға сыймай шашырап кететін жылға-жылғамен
Сұраусыз судай сылдырып ағады сынап-күндерім.
Айтайын деп те айтпайсың орынсыз тұста секеңдеп,
Топырыш торы тірлігім жай-күйін білер тепең көк.
Үндесең, оны білгеннен айтып тұр осы демейді,
Үндемей қалсаң, ойлайды түк білмес топас екен деп.
Анадан тудым мен де ұл боп, осы жұрт соны біле ме-ей,
Біреулер түк те тындырмай – сүт бетіндегі кілегей.
Маңдайға басқан мөрі жоқ, сонда да тани қоясың,
Мына тірлікте тəңірге кім жақын, кім жат, кім өгей.
Баянсыз ғұмыр өтеді одан да, сенен, менен де...
Кетпейтін болса бақиға, фəниге жылап келер ме?
Кешірсін тəңірім кешірсін, күпірлік етсе пендесін,
Сене алмай қалам Аллекем баршаға бірдей дегенге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу