Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  75


Автор: Есләм Зікібаев

ҚАЛАЙ ҚАРАЙМЫЗ ЕРТЕҢГЕ

Өкпе жалаңаш,
Жүрек жалаңаш,
Жалаңаш...
Шарпиды жанды шоқ пенен жалын аралас.
Бірімен-бірі арбасқан зəһар аждаһа,
Өліп-тіріліп жатқаныңа да қарамас.
Көңіл нені ұқты –
Өмірге күпті шала мас,
Оңайлықпенен мастығың бойдан тарамас.
Адамдар бүгін хайуаннан бетер қауіпті,
Тəні жалаңаш, жаны жалаңаш, араны аш!..
Ішпей де жемей пейілге ғана тоярдай
Кешегі күннен адасып қалдық – ой, Алла-ай!
Құдайдан емес, заңнан қорқады пəтшағар,
Болмаса адам бір-бірін жұтып қоярдай.
Қараған жоқпыз суық деп, аптап ыстық деп,
Көзді жұмдық та, бəріне гүмп-гүмп түстік кеп.
Сахарада қалып шөлдеген жандай көз жұмып,
Суды да іштік, уды да іштік... іштік көп!
Көбейді қазір батыр келіншек, батыр қыз...
Бір қарағанға бəріміз бірдей батылмыз.
Елді ер емес, ездер биледі, содан да –
Сазға отырғандай сазайын тартып жатырмыз.
Ескексіз қайық – еркіміз желде, желкенде...
Ойланған кім бар, шында да ез бен ер тең бе?
Бүгін күн өтер бұқпалап ғұмыр кешірген,
Не бетімізбен қарар екенбіз ертеңге?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу