Өлеңдер ✍️

  28.08.2022
  85


Автор: Есләм Зікібаев

ЖҮРЕДІ АЙТЫП

Біз өмірдің қуанышын көп айттық,
Жел-сезіммен көңілімізді тоғайттық.
Көріп тұрған көзімізге сенбедік,
Неге сенсе,
«Сенімділер» соны айттық...
Соны айттық біз,
«Бас қатарып не керек?..
Ойлағандар нені ескеріп, нені елеп
жатыр? – дедік, –
өзіне-өзі көр қазып,
от айналған ессіз, көзсіз көбелек!»
Тек жүргенге, тоқ жүргенге не жетсін,
Тек, тоқ... жүрсең, тағады кім не деп сын?
Əсіресе монтансыған момақан
Қалпыңда сен мықтыларға қажетсің!
...Ақылды жұрт ақылдан да тойған ба?
Безер жандай берекесіз ойдан да
Ел ыңғайы қалай ауса, солай айт,
Бар дүміңді ішке сақта ойлан да!
Алам десең атыңды бір оздырып,
Əуреленбе көн-төзімді тоздырып...
Əлділердің əлсіз жерін аңдай біл,
Дəл сол тұстан сөйле өңешті создырып,
Жас-кəрінің делебесін қоздырып.
Сөйле!.. Сөзді жатпайды ешкім безбендеп,
Кеу-кеулеумен əкетеді тез демдеп.
Сен сол кезде бір қыр асып қаласың,
Барша жұрттың жан сарайын сезген боп.
Қас жүйріктей шалдырмайтын қарасын,
Өлшегенше ел шын мен сынның арасын,
Тарт, тарта бер қарайламай артыңа,
Талай белден өтіп, кетіп қаласың.
Бəйге топқа қосылсаң да боздан кеп,
Қарамайды делебесі қозған көп.
Жүйрік емесіңді біле тұрса да,
Жүреді айтып: «Сол бəйгеде озған!» – деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу