Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  102


Автор: Жанат Әскербекқызы

Құбылыс

Мендегі үміт
Көк пенен жерге егіліп,
Түңілгені-ай, кетердей көрге кіріп.
Бір қиырын жалғанның жайлап алып,
Жүр екенсің ол жақта сен неғылып...
Мына жалған
Қапа қылып ақша бұлт жылап алған,
Көк аспаннан көңілі, сірә, қалған.
Бұлт екеуміз үн-түнсіз тілдесеміз –
Екеумізде, өйткені, бір-ақ арман.
Жылап бұлт,
Орамалын жіберер лақтырып,
Мен егілем... көңілде бір-ақ күдік.
Көкжиекке қонарда сәл кідіріп,
Күн қарайды, көзіне сұрақ тұнып.
...Мендегі үміт
Еркелейді мендегі шерге күліп,
Желкілдейді, желігіп, жел не біліп?!
Бара жатты қабарған қара күдік,
Бауырына бұлттың өңгеріліп.
Тебіреніп...
Аласұра аспанның төріне өріп,
Бір ғайыпқа жөнелді шер үдеріп...
...Бұлттан шыққан күндей боп жарқ етті үміт –
Бұлт жетелеп әкелген сені көріп...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу