Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  101


Автор: Есләм Зікібаев

АЛМАТЫНЫҢ ЖӨНІ БӨЛЕК

Тау болып толағайдай тұрмасаң да,
Дейтіндей тау ұлындай жырла, самға.
45 жыл мен де енді алматылық,
Шыр етіп Алматыда тумасам да.
Ініні өзімсінсем, сен дегенмін,
Ауырсам, жырмен жанымды емдегенмін.
Несіне көлгірсимін, күнім үшін
Елпілдеп көрінгенге ермегенмін.
Елпілдеп күнім үшін ермегенмін,
Бойыма шақ бағам бар елге менің.
Алматының тобырын əу бастан-ақ
Миллионнан асырсам деп келмегенмін.
Жетісудың тауларын, далаларын,
қалаларын... армансыз араладым.
Жұлдызым да жанды алғаш осы жерде,
Туды осында ұл-қызым, балаларым...
45 жыл қарын да, жаңбырын да,
Түн түнегін қарсы алдым, таң нұрын да.
Еліктегем, қуаныш, бақ, мұңым да...
Көріп келем, бір содан тағдырым да!
Шүкіршілік, көрген жоқ бағым қайтып,
Ойдағымды тіке айттым тарынбай түк.
Басқаның сөзін емес, тек өзімді
Танытуға тырыстым, барымды айтып.
Қуанышым арнадан асып, толып,
Бұла күшім бəр-бəрін нəсіп көріп,
Жүргенде жас жүрегім алабұртып,
Сол кезде-ақ Алатауға, Алматыға
Ұққанмын қалғанымды ғашық болып.
Мен келгенде, ғажайып мына халық,
Құшаққа ап қауышардай тұра қалып.
Көшелерде алма өсіп, арықтарда
Сылдыр-сылдыр жататын бұлақ ағып.
Жамыраған жағалай шамдары да,
Арайлаған көкжиек, таңдары да,
Құстар ұшып-сайраған бау-бағы да...
Шақыратын алыстағы арманыма,
Нұр құярдай шуақпен жанға мына!
Берместей көз жұмсаң да жанға тыным,
Жер бетінің жұмағы – жаннатының,
Тереңінен нəр алған тамыр жайып
Мен де бір перзентімін Алматының.
Бала күннен аңсатқан арман қала –
Қанат берген шығандап самғауға да.
Шақырса да Туған жер – орман, дала,
Алматыдан əйтеуір оралтпайды
Тас төбемде бағымдай жанған жаңа.
Көңілімді арман-ойлар қоршап əлі,
Бірегей биіктерге жол салады.
Батысы, Шығысы да, Күнгей беті...
Қауышып өз ұлындай қарсы алады
Қайың, терек, қарағай, аршалары...
Əйтсе де шалғай шықсам көбіне-көп,
Басқалардан жақындау көрінді ерек.
Құшағына алады қуанғандай,
45 жылда қалдым ба бауыр басып,
Əйтеуір, Алматының жөні бөлек!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу