Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  81


Автор: Есләм Зікібаев

Құс көңіл ойға ұшты, қырға көшті

Құс көңіл ойға ұшты, қырға көшті,
Қалғандай көз ұшында жылдар ескі.
Құс салып, тазы қосып қусаң дағы,
Айналтып ала алмайсың жиырма бесті.
Бағытын қияндағы өрге беріп,
Бауырдай мамыражай өрген елік.
Қыз ғұмыр қасымыздан, басымыздан
Қия алмай барады өтіп дөңгеленіп.
Күн дүние керуенінде жолаушымын,
Өзіммен ала кетер көп-ау сырым.
Жарым да жанымдағы біле бермес,
Жалғыз-ақ өлеңге айтар болар шыным.
Кең дүние қушиып тарылғанда,
Қиналып, жанталасып жан ұрғанда,
Қол ұшын беретұғын, еретұғын
Мұңдасым сенен артық табылған ба?
Қабығын құба талдың көп аршыдым,
Менің де өзім шығар болар шыңым.
Қуанғанда, қиналып суалғанда,
Тек саған ашпайтұған жоқ-ау сырым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу