Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  61


Автор: Есләм Зікібаев

БЕЗЕР БОЛСАҢ, БЕЗ ӨЗІҢ

Өзін қара,
Сөзін қара!
Не дейді?
Таспен мықтап бекітіп ап көмейді,
Алшысынан түсіргендей кенейді,
Анам тілін,
Бабам тілін шенейді,
Едігедей елін «желеп-жебейді».
Қайран Елім, нені естідің, не көріп?!
Ездік жеңіп,
Намыс құрып,
Кек өліп...
Ұл тудым деп қалжа жеген əз ана,
«Көсегесі көгеріп»
жүргенінше, кетпеді екен неге өліп?!
Ана тілім – арманым, ақ тілегім,
Өзімнен де өзіңді көп тіледім.
Тілім өлсе, тірлігіме мəз болып,
Қара жерді қалай басып жүремін?
Тілім – анам, қасиетім, ардағым,
Ардағымның жүрегіне салма мұң.
Тілім – балам, болашағым, бақытым,
Қалай ғана бақытымды қарғадың?
Тілім – арым,
Тілім – барым, берекем,
Тілім – ойым, думан-тойым, мерекем.
Тілсіз қалса – қасіретті бір тобыр,
Ел бола алса Ел – ТІЛМЕН ғана ЕЛ екен!
Уақыт жылжып, келгенде Ел шетіне,
Ащы таяқ тиді талай етіме.
Мансабына масайғандар мастанып,
Түкіргендей Анасының бетіне.
Халық дейтін – қасиетті Ұлы Анам,
Қара жылдар қасіретке шыдаған.
Бəрін көрген, зəрін көрген уақыттың,
Ал мынаған, не дер екен мынаған?
Халық дейтін – қасиетті Ұлы Анам,
Ұлы Анам да тіл аманда дін аман.
Қабырғаға батқан мұңға шыдаған,
Қабырда да сатқан ұлға жылаған.
Дүниеге ер де келді, ез келді,
Бар болған соң, бəрін соның көз көрді.
Көрмеді тек, –
Көргенінен өлгені
Артық еді АНА тілден безгенді.
Без, без өзің... Безер болсаң, безе бер,
Екіжүзді аярлықты сезеді ел.
Ерлік қалар – қалса халық есінде,
Ит өліммен қасиетсіз ез өлер.
Сен безгеннен қызыл тілім кесілмес,
Тіл тағдыры аярлықпен шешілмес.
Атаң-анаң өртеп өтер өзегін,
Ал ұрпағың өлгенде де кешірмес!
Сен безгеннен Ана тілім арымас,
Алаулаған арманы асқақ, жаны жас.
Өз қағынан жеріп қашқан құландай
Тілін сатып, мансап алған жарымас.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу