Өлеңдер ✍️

  27.08.2022
  95


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Бәукеңнің ашуы

(Баллада)
Жақсының тимей қоймас елге себі,
Жаманның өзін құртпақ өз кеселі.
Ауылға туысшылап барған батыр,
Керемет кесірліге кездеседі.
Бұлданып, момындарға міндетсініп,
Аз ба, әлі жүретіндер ілместі іліп?..
Жатады Бәукең барса, төрде біреу,
Нән екен бәтіңкесі – бір бестілік.
Маңында «жаны үзілген» құмыралар,
Ол да бір әспенсудің түрі болар?!
Келгенін қаһарманны қайдан білсін,
Бақсыдай қас қаққанша жынын алар?!
Келген соң, ревизор елін сынап...
Ұсынған үйі иесі төрін шыдап.
Сыбырлап былай дейді ыммен ғана,
«Дөкейдің» білгендіктен жөнін сұрап.
- Ойбай, бұл жоғарыдан
келіп жатыр,
Қайдағы жоқ бәлені теріп жатыр.
Арақты құлынына құйып төрмыз,
Әуелі жібітсін деп көнін кәпір!
Соны айтып, ояттырмай, шырылдайды,
Батыр да ұсақ іске бұрылмайды.
Тал түсте шырт ұйқыға батқан екен,
Жеткендей жайлауына бір ыңғайлы.
Жайылып ішімдігі бойына анық,
Біржола серейген ғой тойып алып.
Қорқырап ештеңені сезер емес,
Қорасын өртесең де, қойын алып...
Жинауға үлгере алмай, есті ертерек,
Теңкиіп, жата тұрсын кескен терек!..
Ұлтында мұндай сұмдық болмағанын,
Есі бар інілерге ескертер ек.


...Арада шай демделіп, ас келеді,
Бәукеңе мал сойылып, бас береді.
Жадырап Бәукең бата жасар кезде,
Ым қағып, шақыртады мас немені!..
«Жемқордың» басы-көзін май басады,
Көргенде ондайларды қайғы асады...
Бет-жүзін шала жуып, сәлем бермей,
Әлгі Дәу тура төрге жайғасады.
Итпелеп, Бәукең одан жөн сөраса,
Сөзінің кедір-бұдыр төркіні аса...
«Тек өзім шешем» депті ыңыранып,
Қазақ қой туыс тұтар көрші ұнаса.
Бойында тулап туар мақал бар да,
Ғайыптан күш бітпей
ме қаһарманға?!
«Істі қалай жасайсың» деп қалады,
Ашуы алқымына тақалғанда.
—Тасымды олай қақсам, олай болмақ,
Қайырып, бұлай қақсам, бұлай болмақ, –
Дегенде қас батырдың кәллесіне,
Оқыс бір ой түседі құдай қолдап!
—Кетіп ем, фашистерді талай қандап,
Аә түстен тазара ма қарайған дақ.
Менің де миым жетпей тұрған шығар,
Ал, сонда былай қақсам, қалай болмақ? –
Дей беріп, нан шайнардан перген екен,
Дариға, келуші еді, ерге не тең?!
Бабамның батылдығын қадірлеймін,
Мұндайда қолың болса, серме, көкем!..
Ар жағын айтпасақ та мағлұм ғой.
Кісінің кісілігін таныдың ғой?..
Қазаққа намыскерлік қылмыс емес,
Кәрі-жас ойланатын тағылым ғой...
Өмірде болған істі өндемедік,
Кешірім сұрапты әлгі жөнге келіп.
Хикая қиялымды қыздырған соң,
Осындай өлең туды дөңгеленіп.



2000 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу