Өлеңдер ✍️

  26.08.2022
  122


Автор: Қажытай Ілиясұлы

Ағайшаның ажары

Өң анау... ақ үкідей үлбіреген.
Әжім жоқ қарасаң да дурбіменен.
Әрі ұстаз, әрі ғалым, әрі ана,
Әйтпесе, әзіл айтып бүлдірер ем.
Көз анау, күншіліктен күлімдеген,
Жібектей жаны нәзік дірілдеген.
Көрмеген көк етікті бойжеткендей,
Оң жақта отызға әлі ілінбеген.
Лебізі – қоңыр салқын қыр лебіндей,
Негізі – жақсы ұяның тірнегіндей.
Сырнайдың тіл бітеді саусағына,
Жүйткісе, Жұматайдың жиреніндей.
Өнері – айтсаң, сенбес аңыздардай.
Өзі ескен гүл секілді қауыз жармай.
Сондықтан, нүктесі жоқ өлең жаздым,
Елуге келді деуге ауыз бармай!..



1998 жыл




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу