Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  82


Автор: Хамит ЕСЕМАН

БЕТПЕ-БЕТ

Шешімін таппай еш мәселенің де,
Өзіме-өзім өкпелеп;
Жолығам қала көшелерінде,
Талай тағдырмен бетпе-бет.
Беймаза бір мұң тасып қанымда,
Жауап іздейді жалғаннан.
Қайыршылар жүр мешіт маңында,
Үміті мәңгі алданған.
Кеткен бе барлық жан қайырымнан,
Оларға өкпе артады.
Қос аяғынан мәңгі айырылған,
Бір жігіт гитар тартады.
Сүйеді ол бірақ нұрсыз қаланы,
Көрмесе де ырза ғажап той.
Бірақ бір ару гүлсіз қалады,
Ол деген мәңгі азап қой.
Сүйгенін аңсап жылаған ару,
Тарқаған жастық базары.
Қызды жылатып – күнәға бару,
Екі дүниенің тозағы.
Бұларды тағдыр көлденең ала –
Тор құрған сынды қаралы.
Ұлынан қайыр көрмеген ана,
Қарттар үйіне барады.
Маскүнем әке жатыр көшеде,
Шат шаңырағы шайқалған.
Балалардыкі – тақыр пешене,
Ал жарыныкін...айта алман.
Көзімнен жауған жаңбырларымды,
Көрдің бе қалқам аймаңдай.
Қайтем, қаңғыған тағдырларымды,
Әрқайсы бір – бір сормаңдай...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу