Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  70


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

СПАРТА ӘЙЕЛДЕРІ

Гүлстандағы бейне гүл,
Болмысы бөлек,
Әлемі -
Спарта деген жерде бір
Әйелдер болған әдемі.
Жауһарға орау обал-ды,
Музаға рухы оранды.
Батырлар сүйді оларды,
Ақындар сүйді оларды.
Қыздары сынды перінің,
Періште елі кімде деп, -
Басқа елдің еркектерінің
Түсіне кірді түнде кеп.
Мейірімін төгіп көзінің,
Жүрегі тулап, дірілдеп,
Ерлерін ғана өзінің
Еміреніп сүйді пірім деп.
Аттың да тартып жалынан,
Айқасқа кіріп -
Құлпырды.
Спарта ұлдарынан
Ұрандап шабар ұл туды.
Шаттанды зеңгір аспанын
Шалқытып, орап шабытқа - от,
Ұлдары жеңіп қас жауын
Оралса елге -
Табыт боп!
Тұрды олар мәз боп,
Мастанып,
Жұмаққа барып енгелі:
-- Құл туған екен басқа жұрт,
Ұл туғам екем -
Мен! - деді.
…Музаға беріп баласын,
Мұңды ойға батып не түрлі,
Қарқаралыда қалды қайран Анашым -
Спартаның әйелдері секілді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу