Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  49


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Жерден кеттің. Аспанды арала паң.

Жерден кеттің. Аспанды арала паң.
Өңім де – түс, кімге оны саралатам:
Әлияны жетектеп бара жатам,
Айнұрыңды жетектеп бара жатам...
Ойға батсам ойқастап кетемін де,
Өгейдеймін өзімнің мекенімде.
Екі дүние арбасып жүрегімде,
Екі бала жүреді жетегімде.
Екі кісі мен жаққа қарап күліп,
Екі дүние қос көзден қан ақтарып, –
Екі өмірге сенетін болып барам,
Екі қыздың кекілін тарап тұрып.
Өмірде боп, өлімге жолықпас кім?
Көз жасымды көрсетіп, солық бастым.
Мына дүние бір көрген түс екен ғой,
Түсімді енді ешкімге жорытпаспын!
Не келеді қолымнан?
Қан ақтырып, –
Ит тірліктің қойғаны ғой талаттырып?
... Егілгенім болмаса анда-санда
Екі қыздың кекілін тарап тұрып...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу