Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  145


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

ЖОҚТАУ

Шоқпардың жылқы жайдым даласына,
Не қылдым Қақабайдың баласына...
Мәди.
Қайран Мәди – Қазыбектің ұланы,
Құл атқанда көкжал құсап құлады...
Бүгін – оның көп жанашыр, туысы,
Жендет те жоқ – қанға толы уысы.
Саясынан сая таппай, сайғақтай
Өлгенінде жоқ ешкімнің жұмысы...
Әсемдікті көзіне ілмей әсілі,
Әсемпаз боп көріну де – тәсілі
Ақынды атып... «Аққуды атпа!» дейтұғын
Аяр екен адамзаттың нәсілі!
Боздағанда баса алмайтын солығын,
Көресің бе мыналардың порымын?
Тірісінде кісі көрмей, өлген соң
Өкіріп кеп, сипап жатыр орынын...
Қары сынсын күймегеннің қаны үшін,
Жыртып жатыр Алшынбайдың намысын,
Алақанға салып жүріп Мәдиді,
Арулап-ақ жөнелткендей арысын!
«Советстан!
Біздің Стан!
Совстан!»
Сәкен қайда – төбесінен оқ ұшқан?
Мағжан қайда?
Неге үнсізсің?
О, мыстан!
Быт-шытбыз ғой Германия сықылды –
Жанталасып жаңа шыққан соғыстан!!!
Уа!
Мен де сендей, іштен тынамын,
Тынамын да, күннің күні сынамын.
Шаранасын өзі жалмап, жейтұғын,
Жыртқыш құсап жатысын-ай, мынаның!
Мәдимен бір боздап па еді – боздаса,
Қайда жүрген әруағы қолдаса?
Қазағыңнан қалды менің көңілім,
Аңқылдаған Алаш – Анам болмаса...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу