Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  94


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

Ол жақта орта өзгерген.

Ол жақта орта өзгерген.
Өткенді көксеп, зарығып,
Ойсыздар айтқан сөздерден
Кеттің бе әбден жалығып?
Өмірдің көздеп төр жағын
Ел жүрсе іші майлы боп,
Өлеңді сүйген өр жаның,
Өзіңе жүр-ау қайғы боп?
Көзге ілмей сонда өзге елді,
Өзге бір өрттен жанып іш –
Шарлайсың киоскілерді
Есіңді алып сағыныш.
Өрекпіп сонда көңілің,
Ішінен өрттің шыққандай,
Газеттің жаңа нөмірін
Аласың сатып – түк қоймай.
Таусылып төзім, шыдам да,
Тұрасың лағып, сандалып.
Ондағы сатушылар да
Қарайды саған таң қалып!
Пендесің сұмдық дәмелі,
Қиялды шынға балайсың.
Газеттердің де әуелі
Төртінші бетін қарайсың.
Махаббат – жұмақ әні бір,
Есту де арман сырлы үнін;
Таппайсың іздеп бәрібір
Жоқ онда менің бір жырым...
Жалтақтап жатқа, досқа да,
Жас жүрек сауға сұрасын:
Кіресің сонсоң почтаға,
Онан да құр қол шығасың.
Көңілің қалып оңбай, шын,
Ала алмай хабар ар ма деп,
Кей-кейде, тіпті, ойлайсың:
«Өмірде өзі бар ма?!» – деп.
Жоғалып кетем:
Күллі елдің көздерінен де,
Пыш-пыштың сөздерінен де,
Тіршілігімді доғарып –
Жоғалып кетем... жоғалып...
Жоғалып кетем:
Домбыра шектерінен де,
Газеттің беттерінен де;
Тіршілігімді доғарып,
Жоғалып кетем, жоғалып...
Жөңкіліп сері адамдар,
Залдарға думан саз қонып,
Кафелер, ресторандар
Менсіз де жатар мәз болып.
Жоғалып кетем қаладан,
Жоғалып кетем даладан;
Жоғалып кетем көңілден,
Жоғалып кетем өмірден!
Не дейсің мендей пендеге?
Жоғалдым...
Басың шатылды:
Почтаның жәшіктері де
Ұмытқан менің хатымды!
Вокзалдан ізде боп алаң,
Тоғысқан торап шеттерден;
Поездан күллі жоғалам,
Жоғалам самолеттерден!
Сол кезде мені, адалым,
Жүрегін уақыт суытып,
Өзіңнен басқа адамның
Қалады бәрі ұмытып!
Алдамшы сезім бұл бәрі,
Арбалма оған, ақ таңым:
Мен онда адам туралы
Поэма жазып жатқанмын...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу