Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  77


Автор: Серік Ақсұңқарұлы

БЕСІК ЖЫРЫ

Ұйықта, адамзат, шаршадың ғой болдырып,
Миллиондаған ғасыр бойы жол жүріп.
Жұлдызша ақты XX ғасырың,
Сені ғарыш кемесіне қондырып.
Ұйықта, адамзат... Шаршадың ғой, болдырып.
Тарих сахнасында –
Актер болып ойнаудан да шаршадың.
Ойсыздықтан... ойлаудан да шаршадың.
Талай мәрте зілзаланы талқандап,
Жеңісіңді тойлаудан да шаршадың.
Күрк–күрк етіп шемен толы қос өкпең,
Әзер тұрып жүргендейсің төсектен.
Сен шаршадың – аштық ауру, соғыстан,
Сен шаршадың – түрме, жала, өсектен.
Қағынып –
Тажал күштер тарпа бас сап жабылып,
Сен шаршадың – неше түрлі заманда
Неше түрлі құдайларға бағынып!
Сорыңа –
Жантық біткен жатып алды жолыңа.
Талай рет Иудаға сендің де
Шырматылдың сатқындықтың торына.
Сен шаршадың – сөйлеуден де көпіріп,
Сен шаршадың – өксуден де өкіріп.
Күюден де – көкірегіңді от ұрып,
Сен шаршадың – сүюден де өтірік!
Сен қажыдың,
Тұрпатыңнан байқағам,
Әлди, әлди! Бесік жырын айт, Адам!
Анаң айтқан ұлы өлеңді ұмытсаң,
Есіңе бір түсірейін қайтадан!
Әлди, әлди, адамзат...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу