Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  85


Автор: Өріс Яшүкірқызы

КҮРСІНЕРСІҢ ДЕ ЖҮРЕРСІҢ

Ұйқы жоқ көзді жұмғанмен,
Құрсаулап ойдың құрығы.
Бірге боп ойша тұлғаңмен
Шайқалар көңіл тұнығы.
Сурет боп қалды көзімде,
Кездесу соңғы өзіңмен,
Шыдап ек бірге төзімге
Жоғары тұрып сезімнен.
Сабыр да бізді биледі,
Сағыныш барын жасырдық.
Жүрек те ысып, күймеді
Өкініш өтті. Басылдық.
Сұраққа жауап қиысып,
Хал жағдайлар сұралды.
Осы сәт жанар түйісіп
Қуаныш емес, мұң алды.
Көз деген осы шіркін-ай,
Жұтылды іште түйгенім.
Сен болсаң сөзді іркіп-ай,
Еркіңді ұстап биледің.
Кірпікке түскен үзіліп,
Бір тамшы бұзды барлығын,
Қолыңды создың үздігіп
Орындап жүрек жарлығын.
Айырған өмір жылатып,
Қоса алмас қайта білесің,
Мен тұрмын сені жұбатып
Осымен бітті күресім.
Сенде де өшпес бір есім,
Күрсінесің де жүрерсің
Менде де өшпес бір есім
Күрсінемін де жүрермін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу