Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  121


Бәтен

БАЛҚЫН ҚЫЗЫН ЖОҚТАУЫ

Ақ күміс, адыра қалғыр жадырай тұр,
Келмесең осы кеткеннен, Балқынжан-ау,
Артыңда жалғыз бауырым шырқырап тұр
Жеткенде жеті жасқа құран бердім,
Молдаға оқысын деп қоя бердім,
Артында апасы жоқ, сіңлісі жоқ,
Қаңғыртып жалғызымды неге бердім?
Айтайын, айт дегенде атым тұсап,
Тұсап қойған жерінде тұрсын жусап.
Келгенде елу беске сұмырай Бәтен
Туар ма енді бала Балқынға ұсап?
Қарағым, айналайын, қандай еді?
Бауырсақ майға піскен нандай еді.
Мақтасам өзімді өзім болар өлім,
Баланың өзі қатар маңдайы еді!
Қарағым, айналайын, ұлы кентім,
Сарғайды санаменен ақша бетім.
Болғанда қыс ортасы сығыр, ойбай,
Бұзылды жалғызыма құрған кеншім!
Ақ ешкі келе жатыр лағына,
Сүт берген үрпегінен шырағына.
Қосылып кел екеуміз зарланайық,
Алланың тиер ме екен құлағына?!
Тапқаны ақ ешкінің екі лақ,
Біреуі лағының салпаң құлақ.
Ақ ешкі, жерге қара көдеңді же,
Табарсың есен болсаң тағы лақ.
Ақ ешкі, сен де мұңды, мен де мұңды.
Жаратты бір жаратқан бесеу сұмды.
Ақ ешкі, жерге қара, көдеңді же,
Құдайым берер ме екен бізге тұяқ?
Бойынан Досыкенің ел өтеді,
Шапаннан жалаң қабат жел өтеді.
Сығыр-ай, мен зарламай, кім зарласын?
Балқынның енді маған күні өтеді.
Досыкенің бауыры жалғыз там-ды,
Аямай-ақ бар құдай жалғызды алды.
Елу беске келгенде сұмырай бетің,
Жалғызынан айырылып аңырап қалды?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу