Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  220


Автор: Қамқа Қазыбекқызы

ӘКЕСІ ҚАЗЫБЕКТІ ЖОҚТАУЫ

Бісімілләдан бастайын,
Шариғаттан аспайын,
Ішім толды қайғыға,
Азырақ көзім жастайын,
Алаштан озған әкекем,
Жоқтаусыз қалай тастайын?
Алатаудай әкекеме
Ажалдың сыны келгені
Жылағанды не қылсын?
Көздің жасын көрмеді!
Қазақ болып зарлады,
Тілеуді құдай бермеді.
Кешегі жүрген әкекем
Жоқтаусыз тастар ер ме еді?!
Шаншар абыз нәсілінен
Алтау едік анадан.
Сәдібек, Асан, Бөдене,
Үсен менен Балапан
Бесеуіне аға боп,
Алашқа әкем қараған.
Жолбасшысы кеткен соң,
Айрылды қазақ панадан.
Төрт тіреудің бірі едің,
Қиын-қыстау іс келсе,
Бәрінен де ірі едің!
Енді қазақ не болар
Асқар тауы құлаған?
Белгілі шығар алашқа
Қоңтажыға барғаның.
Он сегізде сол күнде
Қалмақты сынға алғаның,
Қазақты жоқтап қалмақтан
Араға сөзді салғаның.
Қалмақтың ханы Қоңтажы
Жауаптан ұтып алғаның.
Босатып едің, жан әкем,
Тұтқында қазақ қалғанын.
Талап алған шабынды,
Қайырып алдың бар малды.
Ұлықсыз тоқсан жесірді
Сол жерде анық алғаның!
Қазақ пен қалмақ бас қосып,
Екі ұдай болған тобында
Алдыңа бір жан салмадың!
Батыр жинап, ел шаппай,
Қылыш шауып, оқ атпай,
Ақылыңменен жол тауып,
Қазақтың кегін алғаның!
Туғаннан-ақ, жан әкем,
Жолыңды құдай оңдады.
Қасиетің тағы мол,
Қас қылған саған оңбады.
Қазаққа деп заң жасап,
Қазыбектің қасқа жол –
Артында мирас қалғаны.
Шариғат айтқан жол емес,
Законың тағы қол емес!
Дуалы ауыз айтқан соң,
Қазаққа бір жол салғаны.
Әкемдей болып жан тумас
Рулы үш жүз қазақтан.
Батырларша ел шауып,
Бір күні жаудан жеңіліп,
Қалған емес хан болып,
Өзіне дұспан көбейтіп,
Қалған емес азапқа!
Ақылменен жол тапқан,
Бағыменен ел тапқан.
Батыр мен хандар сасқанда
Әкеме келіп жол тапқан!
Құдайдың берген бағында,
Талай ханмен қарысқан!
Ел де шауып қан төккен,
Талай ермен салысқан!
Бәрін де жеңген әкекем
Ақылмен орап алыстан,
Қазақ, қалмақ бас қосса,
Сан жүйрікпен жарысқан!
Алдымен келіп бәйге алып,
Олжасын қазақ үлескен:
Орынсыз жерде қан төгіп,
Қас қылған емес бір жанға,
Басын иіп құл болып,
Бағынған емес бір ханға.
Қазаққа арнап жол салдың
Қолайлы қылып әр заңға.
Жесір қатын, жетім ұл
Аруағыңа таянып
Ие болды мал-жанға!
Жоғалмақтай жол салып,
Үлгі болып сөз қалып,
Кеткен жоқ әкем арманда!
Өз басында бағы жоқ,
Сүйеніп тұрар ханы жоқ,
Болды ғой қиын қалғанға!
Қара қылды қақ жарып,
Әділ өткен әкекем,
Байытсын құдай иманға!
Үш жүздің ұлы жиналса,
Алдыңнан кеңес тарқаған,
Ақылың, бағың мол еді
Айдын көлдей шалқыған.
Сырдың бойын жаратпай
Мал өсірер орын деп,
Қазақтың ұлын өрдіріп
Қоныс әпердің Арқадан.
Орыс, қазақ, қалмаққа
Жұпардай иісің аңқыған.
Аруақты туған жан әкем,
Озып артық даңқынан
Өсиет қылдың қазаққа:
Сарыарқа болсын қонысың
Қалмақ, сартпен жауықпа,
Болмасын дедің жұмысың.
Өнерсіз өскен ел едің,
Біреу саған жау болса,
Паналауға жарайды
Мынау көрші орысың.
Орыспенен жауласпа,
Есіңде болсын бұл есім!
Ақылың, бағың молынан
Елің ерді соңыңнан.
Арқасында әкемнің
Отырған жоқ бұл қазақ
Ешкімнің кейін тобынан.
Он сегізде сөз бастап,
Қазыбек би атандың.
Болар бала боғынан,
Қайран сабаз әкекем,
Мақтауыңа жете алмай,
Қызыл тілім қырқылды
Ілімімнің жоғынан.
Өнерсізім болмаса,
Қалай айтсам жараспас,
Қазақта сенен кім озды
Жұлдызы туып оңынан?
Байлығың несін айтайын,
Кедей деп адам айта алмас.
Мырза деп несін айтайын,
Әркім-ақ қонақ қайтармас,
Сөйлеуге тілім сөз тапса,
Мақтауыңнан тайсалмас.
Өмірімше жырласам,
Мінезіңнің, әкекем,
Мыңнан бірі таусылмас.
Сусыны қанар қазақтың
Ағар бұлақ суалды,
Сіз осылай болды деп,
Естіген қалмақ қуанды.
Қасиетті туған, әкекем,
Ешкімнен қазақ кем болмас,
Шын беріп кетсең дуаңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу