Өлеңдер ✍️

  20.08.2022
  94


Автор: Досан ЖАНБОТА

ӨТТІ ДҮНИЕ ДӨҢГЕЛЕК

Есіңде ме, бала кез, елдегі,
Айтатын ақыл қарт ұста:
«Құдайдың өзі пендені,
Жаратқан, – дейтін – тартысқа.
Сонда да оған доқ айтпа,
Кəрі ұрады түптің де бір түбінде,
Патшаға қарсы оқ атпа,
Тағы ұрады күндердің бір күнінде» –
Дейтін еді көріктің
Көмейіне суғып қышқашын,
Əсерімен жастық желіктің,
Түсінбептік қария - нұсқасын.
Өкпең жоқ елге бауырым,
Тұлпарға міндің шалқалап.
Құшағын жайды дəуірің,
Отырғызды төрге қолқалап.
Əділдікті тура іздедің,
Түзелмейді бір-ақ соққымен
Қарасам өмір тізбегін,
Тауыпсың содан оқты сен.
Кінəламан оған басқаны,
Сындырдың алтын қазықты,
Адамның асқан, тасқаны,
Аллаһқа ғана жазықты.
Батыр дейді ел сені –
Көпірген сөзге қажетсің.
Тік ұстап жүрген еңсені,
Тірлігіңе шіркін, не жетсін!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу