19.08.2022
  96


Автор: Нұрлан Қалқа

«Сарай-үйдiң» тұрғындары

(Поэма)
КЕШЕ
1. МЕН
Құштар едiм кiтапқа балаң кезде,
Мойын бұрмай жүрушi ем жалаң сөзге.
Дейтiн əкем: – Намысты қолдан берме,
Дейтiн анам: – Арлы бол шамаң келсе.
Бауырлардың тұңғышы бала бақса,
Қалғандары үй-жайды қарап жатса.
Бауырмал боп өспеске шара жоқ-ау,
Бiздiң үйден жылылық тарап жатса.
Болып алды сенiмдi қалам досым,
Қызығына кiтаптың қанам сосын.
Газет-журнал күн сайын күтетiнiм,
Мақсат еттiм: алдымен санам болсын.
Мектебiмде мақтады ұстаздарым,
(Қашып жүрдi сабақтан тұстастарым).
Жазу жаздым балаң ой серiк болып,
Пəле iздеп ешкiммен ұстаспадым.


Үйдiң iсiн iстедiм тындырымды,
(Төгейiншi iштегi шын сырымды).
Бұзау бақтым, қой айдап, отын тасып,
Замандасым, түсiнгей мұң-жырымды.
Бала кезден үш мақсат армандадым,
Былай қойып өмiрдiң қалған бағын.
Аңғалдықпен сол кезде сезiнбеппiн,
Бұлдыр тағдыр, қаталдау жалған барын.
Бiрiншi ой – оқуға табан тiреу,
Таныс iздеп жатпады маған бiреу.
(Жылдар салып араға қонды бақыт),
Үйде жатып тiледi анам тiлеу.
Солдат болу одан соң арман болған,
Намыс едi жарамай қалған оған.
Содан кейiн бұйрытса көңiл сүйген,
«Бақыт» дедiм жарымды алған қолдан.
Асыл арман жетелеп биiк белге,
Алға жүрдiм мойымай күйiк-шерге.
Кеше қандай болып ек соны құрбым,
Таразыла, санаға түйiп көр де.


2. СЕН
Қулық таудың ойнадық бөктерiнде,
Таныс емес сол бiр маң көпке мүлде.
Үй жасаймыз күн ұзақ «жұмыс iстепң,
Мəз боламыз асыр сап шөпке күнде.
Темiр аттың тұяғына таға қағып,
Жүргенiмде, отырдың «бала бағып».
Қуған кезде «пəтердiң қожайыны»,
Қора-жайға көштiк бiз, дала қалып.
Ұмыттым мен жасымыз қай шамада,
Жалғаны жоқ, бiр жүрдiк сай-салада.
Соның бəрiн айтуға саған, құрбым,
Көңiл кейде бiлмеймiн, тайсала ма?
Көршi тұрдық, iргелес қақпамыз да,
Көп-көп заттар келетiн «ақшамызға».
Тату-тəттi тұрдық бiз «сарай-үйде»,
Жемiс-жидек өсетiн «бақшамызда».
«Тамақ» iстеп көк шөптен асырадың,
Жан сырыңды ешқашан жасырмадың.
Үйшiк ойнап жүрген кез көз алдымда,
Содан маған ыстықсың, асыл жаным.


Нүкə болса досымдай болып кеткен,
(Қулық тауға сан мəрте жорық шеккем).
Отын алып қаншама қайттық бiрге,
Қорықшылар жүрсе де қорып көптен.
Шөп тасыдық, бұзауды бақтық бiрге,
Көлеңке жоқ, қызынып жаттық Күнге.
Кесiрткенi жиып ап, дарға асып,
Бақ-бақ жиып, тəж жасап, тақтық Гүл де.
Өттi бастан қызық күн ойлап көрсем,
Бəрiн еске аласың сайрап берсем.
Балғын кездiң белгiсi секiлдiсiң,
Қашан болсын жанымда жайнап жүр сен.


БҮГIН
1. МЕН
ҚазМУ, журфак – терең бiлiм ордасы,
Құт мекеннен бастау алған жол басы.
Арман еткен тұғырыма қондырды,
Балаң кезгi талап, ынта болмашы.
Оқып жүрдiм, еңбек еттiм, тырбандым,
Қалың ойлар тербегенде жыр жаздым.


(Борышымды өтем келiп ел қатар),
Түн баласы жұлдыздармен сырластым.
Талай қыздың жүрегiне шоқ салдым,
Тап болдым ғой шарпуына токтардың.
Сезiмiмдi тəрiк еттi сүйгенiм,
Көпке дейiн жоламасқа тоқталдым.
Жазу болып кеттi түнгi «ермегiм»,
Арсыз сезiм жетегiне ермедiм.
Жырым болып ең сүйiктi серiгiм,
Қызға деген махабатты жерледiм.
Тағдыр жазып сенiменен жолықтым,
Жадырадым көңiлiме қонып Күн.
Сол бiр күнгi кездесудi балгерге,
Ақша берiп жақсылыққа жорыттым.
Үш айдан соң ақ некемiз қиылды,
Тойымызға дос-жарандар жиылды.
Бөктерiнде өзiң талай ойнаған,
Туған жердiң дəм мен тұзы бұйырды.
Балалық шақ əмсе есте қалмайды,
Тəттi ойды жебiр тiрлiк жалмайды.
Кейде сенi қатты зекiп тастаймын,
Кейде көңiл сол күндерге самғайды.


Бүгiн бəрiн шолып шығып тыңайдым,
Алға қарай шақырғандай тың айдын.
Қулық тауда қалған балғын күнiммен,
Кездескендей болып бiр сəт мұңайдым.
Үш жыл өттi бiз шаңырақ құрғалы,
Үш жыл өттi қызым қаз-қаз тұрғалы.
…Салыстырсам – бүгiнгiмнен мың артық,
Сенiменен «сарай-үйде» тұрғаным.
2. СЕН
Жақсы көрдiң сыйлап жүрдiң басында,
Қай кезде де бiрге болдың қасымда.
Кейбiр күнi сөзге келiп қаламыз,
(Ақ көбейiп бара жатыр шашымда).
Сондай сəтте алшақтайды арамыз,
Сəл нəрсеге күйiп-пiсiп, жанамыз.
Отбасында берекемiз кетедi,
Жалған сөзге уланғанда санамыз.
Кей мезетте кiнə сенен болады,
(Менен кетсе жаныма мұң толады).
Ренжiп қалса туған-туыс, дос-жаран,
Жүрек-гүлiм ыстық күнде солады.


Ұрттап қойсам басқа қалмай амалым,
Iштегiнi бетке айтып саламын.
Ақиқатты сыр ғып шерттiм десем де,
«Құрбаны» боп кете барам жаланың.
Iшпей жүрсем сырдың құлпын ашпаймын,
Арандатар жолға қадам баспаймын.
Əсер етпес кей оспадар қылығың,
Көңiлiмнен бəрiн сызып тастаймын.
Зəрлi сөздi, кiнə артқыш пiкiрдi,
Айтпау керек, ұмытқандай үтiрдi.
Ұқтым соны басыма тас тигенде,
(Мiнiн айтсам досым бетке түкiрдi).
Үнсiздiк те болмас жақын жолдасым,
(Тiлейтiнiм: тiлiм даудан қорғасын).
Шындық билiк айтқан кезде жылатып,
Маған күнiм, өкпе-назың болмасын.
Сақтап қалам өзiм құрған отбасын,
(Жалған күлiп азғырады көп қасым).
Өзгелердiң өсектерiн тыңдама,
Өз басыма, айналайын, жоқ па сын?


Екеумiздi түсiретiн сабаға,
Келтiретiн анда-санда тобаға.
Саған менi, маған сенi мақтайтын,
Айданамды қалдырмайық табаға.
3. ОЛ
Iшкен асым əсте онсыз батпайды,
Ойнап жүрсе тыйылады сап қайғы.
Бiр күн ғана көрмей қалсам қызымды,
Жанды жеген қалың ойлар қаптайды.
Күн нұрындай қызым маған көп керек,
Мен – тамырмын, ол – тербелген көк терек.
Кейде сенi сөгiп қойсам қаттырақ,
Аппақ ботам шыға келер өкпелеп.
«Сен ұрсып ең анам үнсiз жылады»,
Деп бұртиып төсекке кеп құлады.
«Жылаған жоқ» деп жұбатпақ болсам да,
«Айтшы неге ұрыстың?» деп сұрады.
Қызды сөксең мен араша боламын,
Көргiм келмес жылағанын баланың.
Ұрсып қойсам сен араға түсесiң,
«Соның iштей жөн шығар» деп қаламын.


Бiз бiлемiз əлiмсақтан аспан көк,
Дұшпан-пиғыл өгейлiктен асқан жоқ.
Бұл жайында айтып жүр ғой адамдар,
Байқаусызда артық кетiп басқан шоқ.
Байқап көршi, жоқ кезiмде тамыр бас,
Менен артық оған əке табылмас.
Сенен артық оған ана жоқ мүлде,
Жандармыз ғой сондықтан да тағдырлас.
ЕРТЕҢ
1. МЕН
Бүгiн – отыз, ал ертең… Құдай бiлер,
Жарым болып қаласың құлай сүйер.
Сағат сайын өзгерер жан емеспiн,
Бүгiн былай, ал ертең былай жүрер.
Арманыңа қол жетер, үмiт үзбе,
(Бұйыратын шығар-ау түбiт бiзге).
Бүгiн мейлi, ал ертең сақ бол, жаным,
Қара мысық санаңа жүгiрткiзбе.
Бүгiн менi кейбiреу жамандасын,
Жүрем оған сонда да амандасып.


«Сабыр түбi – сары алтын» деген бабам,
Шыдармын мен тұрса да жарам ашып.
Басылады бойдағы селтең бiр күн,
Үй де бiзге тиедi ертең күнiм.
Күйiн кештiк екеумiз жолы болмас,
Кейiпкерi секiлдi ертегiнiң.
Ертең маған жүресiң құрақ ұшып,
(Суретiмдi төрдегi тұра құшып).
Кiтабымды көргенде сөрелерден,
Жатасың-ау бақыттан «сұлап түсiп».
Бүгiн сенiң күнiм-ау, қасыңдамын,
Керек шығар алдыңда бас ұрғаным.
Жоқ кезiмде бiлерсiң қадiрiмдi,
Көлдей болып төгiлер жасың, жаным.
Ертең бағым жанады мен сенемiн,
«Менмiн» деген мықтыға тең келемiн.
Есейгенде көз майын таусып қызым,
Шығармамнан табады тек керегiн.
2. СЕН
Бүгiн сенi жылатып қойған болсам,
Сендей маған басқалар қайдан болсын.


Ертең маған керегi сен ғанасың,
Айтпай жүрген iштегi байлам осы.
Талай мəрте қысылып, қамығармыз,
Бiрiмiзден бiрiмiз жалығармыз.
Ертең мен шал, сен кемпiр болған кезде,
Өкпелескен күндердi сағынармыз.
Байыз таппай қаламын кей күндерi,
Əжiм торлап, құбылтар кейпiңдi əлi.
Немеренi жаныңа жиып алып,
Жыр ғып айтып жүрерсiң «кей күнəнi».
Бүгiн сенiң ойыңда басқа «бақыт»,
Жүргiң келер ашумен жасқап алып.
Бақыт шiркiн, басыңда тұрмас ұзақ,
Алғаныңда бiлерсiң тасқа шағып.
Қайнап тұрған кезiнде жастық жалын,
Сенен гөрi ойлаппын достың қамын.
Көңiл қалған сəттерде түсiндiм-ау,
Алғанымды құлатып қостың талын.
Ертеңгi күн ақылға бас ұрасың,
Бастан кешiп қиындық басыласың.
Бiздi қойшы, бiр амал табылады,
Құдай берген қызымыз жасымасын.


3. ОЛ
Ертең қызым басады жолымызды,
Бойжетедi ұзатып қолымызды.
Басқан iзiн санаумен жүремiз ғой,
Неше түрлi пəледен қорып қызды.
Жылтыр жандар қызыма жаудай кiлең,
Ондай кезде көңiлiн аулай жүрем.
Бiлiм жолын қуғанын армандаймын,
Өнер десе талабы таудай бiлем.
Бiзге ешкiм мол дəулет тастамады,
Пəтер iздеп күнiмiз басталады.
Жүрегiмдi тiлгiлеп намыс-пышақ,
Қожайыннан көңiл сəл жасқанады.
Ниет еттiм жаңа бiр бастаманы,
Қызым үшiн өмiрiм басталады.
Бiзбен кетсiн сұрықсыз кезбе тiрлiк,
Алла жазса, ап берем баспананы.
1. МЕН
КЕШЕ бойдақ өмiрдiң дəмiн таттым,
БҮГIН менiң келедi жалын атқым.


ЖƏНЕ қыздың қамын жеп, қолдағының,
ЕРТЕҢ тура келедi бəрiн сатқым.
2. СЕН
КЕШЕ қамсыз жүргенде кергiдi бой,
БҮГIН бəлкiм оянып сергiдi ой.
ЖƏНЕ ендi тiрлiктi ойлаған жөн,
ЕРТЕҢ кештең болары белгiлi ғой.
3. ОЛ
КЕШЕ көрдiк құрсақты кесетiндi,
БҮГIН елес қиналыс неше түнгi.
ЖƏНЕ саған бердiк тек шетел сүтiн,
ЕРТЕҢ салмақ түспесiн неше түрлi.
КЕШЕ iздеп дəрiнi төзiм күйген,
БҮГIН ыстық «əкелепң, кезiң күлген.
ЖƏНЕ бақыт болғаның бiлгiр маман,
ЕРТЕҢ тапқын iсiңдi өзiң сүйген.
КЕШЕ тулап жаттың-ау жөргегiңде,
БҮГIН тимес табаның жерге мүлде.
ЖƏНЕ ылғи көтерiп жүршi дейсiң,
ЕРТЕҢ шыңға құлашты серме күнде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу