Өлеңдер ✍️

  19.08.2022
  75


Автор: Нұрлан Қалқа

Той дегенде ет-жақынын iздеген...

Той дегенде ет-жақынын iздеген,
Жеңгелерi қайындарын «Сiз» деген.
Ұмыт қалып бара жатыр дəстүрiм,
Жақсылықтан күдерiн еш үзбеген.
Шарап iшiп Жiбектерi қазақтың,
Көрсеттi ғой сан түрлерiн мазақтың.
Шылым шегер қалыс қалмай ерлерден,
Айырмасы бөрiктiден аз-ақ тым.
Подъезге тастап кеткен баласын,
Интернатқа өткiзетiн анасын.
Мезгiлiнсiз қартайтатын əкесiн,
Көрсеттi ғой бейшаралық қарасын.


Тырналаймын мұңлы жүрек жарасын,
Ақтарамын адамзаттың наласын.
Қалай,
қайтiп оятамыз халайық,
Мəңгүрт болған жеткiншектiң санасын.
Қырқылыпты жасыл желек, ну орман,
Арал, Балқаш өзендерiм қуарған.
Бүлiнуде Жер-Анамыз, Табиғат,
Ал Адамдар күй кешуде жыларман.
Шетке сатып шикiзатты қолда бар,
Қайран байлық талайларға қор болар.
Зымыраннан запа шеккен ұрпақты,
Ойлам кетсем көзден жасым сорғалар
Шексiз шiркiн, жазиралы паң далам,
Қорғап келген бабам қалай таң қалам.
Өркендесiн туған елiм, жайнасын,
Бiзге көзiн қадап отыр бар ғалам.
Жырлай берсем түрiм жоқ-ау жалығар,
Елдiң жырын елiм деген жан ұғар.
Кел, қазағым, бiрiгейiк елдiкке,
Қыспақтан да шығатын жол табылар.


Мұның бəрi елiм үшiн болған мұң,
Шерiмдi айтып алдарыңда толғандым.
Жастар үшiн сабақ болсын дегенiм,
Заман түзу, түзетермiз қалғанын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу