Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  592


Автор: Сәуле Досжанова

ЖОЛБАСЫ

(МединеТалғатқызы Бекенованың
тұсаукесер тойына)
Атаң, әжең жиып туыс, достарды
Саған арнап керемет той басталды.
Туған жерде тұсауыңды кеседі,
Тура жүріп бағындыр деп асқарды.
Атаң шықты арғы-бергі ой кешіп,
Әжең түнде ала жіпті қойды есіп.
Көк шөп пенен тоқ ішек те тұр дайын,
Тамадалар бастап кетті той көшін.
Жалғастырып дәстүрімен бабаның,
Жеңгелер жүр жасап тойдың табағын.
Ақ жібекпен тіккен көркем кілемге
Тиді міне, кіп-кішкентай табаның.
«Ала жібін аттама», – деп -ешкімнің,
Алдыменен ала жіппен кестірді.
«Келешегі шөптей көп те, көк болсын», –
Деген әжең шөптен шылбыр естірді.
«Ырыздығың мол болсын», – деп алдағы,
Тоқ ішекпен тағы тілеу арнады.
Ел силаған ең ардақты адамнан
Бата алдырып, тілектерін жалғады.
Қане, бөпем!
Жаса алғашқы қадамды!
Бүгін қуант әкең менен анаңды.
Осы күннен басталған әр қадамың
Қуантуға жазсын барлық адамды.
Тәй-тәй, бөпем!
Қорықпай жаса нық қадам.
Үмітті ақта, әр ісіңді құптаған.
Жалғастырып армандарын биікке,
Сен шығарсың әке-шешең шықпаған.
Нар тәуекел!
Ауыр ма әлде жеңіл ме,
Жолың ашық болсын дәйім өмірде.
Жасымай да, тасымай да жүрер бол,
Жақсылықтың шамын жағып көңілге.
Алға, бөпем!
Сәтті болсын сапарың!
Тәтті болсын тірліктегі татарың.
Өміріңнің бәйгесінде жарысар,
Мықты болсын үзеңгілес-қатарың.
Алдынан кел сол бәйгенің әрдайым,
Жақсы жанға жарқыраған жол дайын.
Немересі Сахибеден ағаның
Осы жырды жолбасыңа арнайын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу