Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  226


Автор: Сәуле Досжанова

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ

(Мен оқыған Ақтам орта мектебіне)
Сыңғырлап тұрды соңғы рет,
Күміс үн тербеп жанымды.
Жанарда жасым мөлдіреп,
Кірпігім жиі қағылды.
Бантигім әппақ желбіреп,
Мектепке қолын бұлғайды.
Қоңырау үні соңғы рет,
Балалығымды ұрлайды.
Бір кезде осы аулаға,
Балдырған болып еніп ем.
Қиялым көкке самғаған,
Өркендеп өсті менімен.
Қуат ап білім нәрінен,
Өлең-жыр түсті ойыма.
Ұстаздарымның бәрінен,
Шарапат қонды бойыма.
Ризамын саған мектебім,
Өмірімнің сен бір белесі.
Үйренгенім де көп менің,
Талпынып өрге келесі.
Таудай бір болған талаппен,
Болашақтарға қарадым.
Өзіңнен алған қанатпен,
Арманға ұшып барамын.
Бірге өскен бала кезімнен,
Қимаймын сыныптастарды.
Қоңырау төккен жез үнмен
Қоштасу әні басталды.
Өміріме жаққан шырағын,
Санама құйып білгенін.
Қош, менің білім бұлағым,
Қош, менің
бала күндерім!
Қош менің бала күндерім,
Қош енді қош бол мектебім.
Аулада өскен гүлдерім,
Қия алмай, біраз кетпедім.
Қош енді бала достарым,
Қош енді жезді қоңырау.
Ауылдың ашық аспанын,
Қия алмай тұрмын өмір-ау.
Атқанды қанша таң күліп,
Сәби кезімді қалдырғам.
Қош енді, қош бол мәңгілік,
Алаңсыз шағым, балдырған.
Санамда бәрі жаңғырып,
Ұмытып сені кетпедім.
Жүрегімдесің мәңгілік,
Ақтамдағы асыл мектебім




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу