Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  71


Автор: Сәуле Досжанова

ПАРИЖДЕ

200 жыл,
Тұрыпты тыныштықта,
Елі байып, жер толып ырыс-құтқа.
Сарайлары теңселіп салтанаттан,
Есіктерге орнатып күміс тұтқа.
200 жыл,
Бағыпты тыныш жанын,
Қабырғалар естіпті ұрыстарын.
Менің бабам бұл кезде кең далада,
Өткен екен жастанып қылыштарын.
Күн шығыстан заман мың құбылыпты,
Құтханасы бабамның жығылыпты.
Жұттан қалған тұяғы, жаныменен,
Сайын дала төсінде шұбырыпты.
Батырақ боп, бай болып табаласып,
Қызылдар боп ақ болып жағаласып.
Тарихына ақтаңдақ салып алып,
Тарихтың тереңіне барады асып.
Жау шапты деп батыстан жатқан жұртты,
Менің атам майданға аттаныпты.
Он бес елден «ерекше ұлан» құрып,
Қорғаймыз деп Мәскеуді шаттаныпты.
Қан майданда көрсетіп даралықты,
Рейхстагке ту тігіп оралыпты.
Одан кейін бесжылдық белестерін,
Орындауға жан беріп, жан алыпты.
Міне осылай,
держава табанында,
Риза болып басының аманына.
Жүргенінде әкелер, біздер шықтық,
Қарсыласып Кеңестің қоғамына.
Желтоқсанда,
Алаңда жалын жастар,
Жас жігіттер, өндірдей қарындастар.
Қол ұстасып Шәмшінің әнін салдық,
Теңдік сұрап Одақтан қауымдасқан.
Бұл шерулер Мәскеуге ұнамады,
Әскерменен ит қосып қуалады.
Қайсарларды Қайраттай атып салды,
Кейбіреулер бұл сынға шыдамады.
Жасалғанмен сан түрі қастандықтың,
Басы еді бұл бүгінгі бостандықтың.
Егеменді ел болды Қазақстан,
Ақ тілегі ақталып тосқан жұрттың.
Ел болып, орындалып құрақты арман,
Менің халқым өтті сан сынақтардан.
Париждей екі жүз жыл тыныш болса,
Алтын су ағар еді бұлақтардан.
Деп қалың ойға баттым салыстырып,
Өткен мен кеткенімді жарыстырып.
Мына ғасыр елімді жіберсе екен,
Баянды бақытпенен табыстырып.
Бозторғай жұмыртқалап қой үстіне,
Көк туын тіксін елім Ай үстіне.
Ырызық-несібесі көлдей тасып,
Табыссын барлық қазақ той үстінде.
....Осылай тұрдым үнсіз ой үстінде.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу