Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  74


Автор: Сәуле Досжанова

Даланың қаршадайдан сырын ұқтым...

Даланың қаршадайдан сырын ұқтым,
Әкемнен қазақ болып туылыппын.
Кіндік қан тамып ата топыраққа,
Суына қасиетті жуыныппын.
Ақ бұлттар болып менің ақ жөргегім,
Бесікте құс әнімен тербелгемін.
Жаратқан асқақ арман бергені ме,
Көзімді ашқанымнан тау көргенім.
Уілдеп, желмен бірге шықты тілім,
Бойыма қуат беріп құтты күнім.
Төсінде туған жердің қаз-қаз тұрдым,
Сезініп топырағының мықтылығын.
Басталды, содан менің қадамдарым,
Ендім де ортасына адамдардың.
Келемін бірде озып,
бірде қалып,
Басымнан өтті талай замандарым.
Өзіңдей ғажап өлке қайда маған,
Күнім жоқ бұлбұлың боп сайрамаған.
Туған жер айналайын топырағыңнан,
Самалың ақ жүзімді аймалаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу