Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  64


Автор: Сәуле Досжанова

ЖЫЛ КЕЛДІ

Жыл келді тағы,
жұмбақты сансыз арқалап,
Қарсы алып жатыр,
жар салып жатыр шартарап.
Алдағы күндер үміттің отын жағады,
Береке, табыс, қуаныштарын ортаға ап.
Жыл келді тағы,
дүбірлетіп кеп әлемді,
Ғарыштан жолдап ақ қармен әппақ сәлемді.
Жымыңдап жұлдыз,
Ай қарап махаббатпенен,
Жер Ана жайнап, отшашуларға бөленді.
Жыл келді тағы,
шыршаның исі аңқыды,
Жылды қарсы алып,
шаңырақ біткен шалқыды.
Ысқырып келіп,
үскірік шашқан «жыланды»,
«Арғымақ жыл» кеп тұяғыменен тарпыды.
Тартып жіберді,
тарпып жіберді арғымақ,
Жамандықтардың басынан бір-ақ қарғымақ.
Жаңа жыл келіп, есік қаққанда апыр-ау,
Қамалып үйде, қалайша адам қалғымақ.
Жыл келді тағы,
көңілде бір-ақ алаң көп.
Жаңалықтардан қалайша тыс мен қалам деп.
Оранған қарға ұлан да байтақ елімді,
Жаңа жылменен құттықтамасқа шамам жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу