Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  75


Автор: Сәуле Досжанова

БІР ӘЙЕЛГЕ

Кереметтігінен өзінің,
Жер басып ұзақ жүргендей
Жасырмай пасық сезімін,
Барлығын өзі білгендей.
Ертелеу серпіп тұяқты,
Бетінен жердің кеткендер.
Кінәлі кейде сияқты,
Өзінін бұрын өткенге.
Жаназасына әдейі,
Барып ап сынап қайтады,
Бүлкілдеп содан көмейі,
Келеңсіз сөздер айтады.
Есігін ашып бір жанның,
Бөлісті ме өзі шаттығын?
Қайғыға батып тұрғанның,
Үйіне жетер аптығып.
Ағайын, достан келді кім,
Отырар алып есепке.
Жөнелткен кезде кемдігін,
Етеді ілік өсекке.
Ыңылдап қалған үнімен,
Туысқа қәдір, сыйы жоқ.
Шағады удай тілімен,
Жолап бір кетсе бүйі боп.
Үлкенге құрмет, жасына,
Мейірін салып көрді ме?
Қиындық түссе басына,
Қи етер басқа елді де.
Кереметтігінен өзінің
Жүргендей Жерде «жарқылдап».
Білдіріп қояр сезімін,
Қарғаға ұқсап қарқылдап.
Кімдерге кіна тағайын,
Көреміз бәрін заманнан.
Абай болайық ағайын,
Ниеті жаман адамнан.
Жан еді қандай көріксіз,
Айналып өтер аулақтан.
Көзіне түссең еріксіз,
Өсектің отын лаулатқан.
Ызыңдап ұшар көк шыбын,
Жапырақ жайған талдардан.
Тілеуі жаман жексұрын,
Жеркенем сондай жандардан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу