Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  78


Автор: Бауыржан Үсенов

АЙҚАЙ

Ұшпа бұлттар лағып жүр жарып көкті,
Құнаным тұр шыбындап, шалып көкті.
Айқайлап ем дауысым
Аңғар ішін,
Азан-қазан қылды да маңып кетті.
Серуендеуді көңілім лайық көрді,
Жүріп кеттім арайға жайып қолды.
Үркіп шыққан даусымнан бір құралай,
Көз алдымнан заматта ғайып болды.
Ал, жаңғырық
Алыста-а-а тентірейді.
Тастың ығын самал жел желпімейді.
Бірақ тастар дыбысқа тәнті дейді,
Сондықтан да адамнан ән тілейді.
Өйткені олар білмейді ән салуды,
Үлгі қылар, сыр ашпай томсаруды.
Айқай салып төменге сорғаласа,
Быт-шыт қылар ажалы қарсы алулы.
Армандымын. Қаратау,
Армандымын,
Айқайда да мен білсем бар мәнді ұғым.
Айтшы маған балғындау дауысымның
Қай биікке қонақтап қалғандығын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу