Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  129


Автор: Бауыржан Үсенов

СЫБЫРЛАҚ АҚҚУ

Сыбырлақ аққу сыңсыған,
Көл маңы. Мезгіл екінді.
Жасыма үнсіз тұншығам,
Айғыздап жатқан бетімді.
Қалмады жұрнақ үміттен,
Жырымнан табар жарасым.
Сен болсаң бөгде жігітпен,
Айдында жүзіп барасың.
Қалың тал мені жасырған,
Тарайды желмен бұрымын.
Тұныққа келіп тас ұрған
Бүгінгі сенің қылығың.
Жігерді мүлдем құм қылды,
Күрзімен соғып басымнан.
Көл жұтып жатыр сыңғырды,
Күлкіңнен сенің шашылған.
Ең қымбат маған есім ең,
Жас болып тұнған көзіме.
Бозбала ақын несімен,
Ұнамай қалды өзіңе?
Дүрлігіп өлең көшетін,
Сөйлесең күліп ізетпен.
Жыр арнап саған неше түн,
Ұйқысыз таңды күзеткем.
Жазығым сонда не менің,
Тағдыр, не тостың алдыма?
Бейкүнә менің өлеңім,
Бота боп боздап қалды ма?
Бекер ме сонда барлығы,
Неліктен өмір баянсыз?–
Жетім аққудың зарлы үні,
Тырнайды жанды аяусыз.
Сыбырлақ аққу сыңсиды,
Түсінер оның мұңын кім?
Жүректі келіп шымшиды,
Шадымен күлкің,
Түңілдім.
Түңіліп кетіп барамын,
Соқпағым тағы қашты алдан.
Көп іштім қайғы шарабын,
Бас жазар ертең басқа арман.
Бақыт боп маған жолығар,
Басқа бір ару, бал, шырын.
Жырымның мүмкін сол ұғар,
Сен ұқпай кеткен жан сырын....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу