Өлеңдер ✍️

  15.08.2022
  58


Автор: Бауыржан Үсенов

СЫРБАЗСЫМАЙ СЫР АШАМ СӨЙЛЕГЕСІН

Сырбазсымай сыр ашам сөйлегесін,
Мен өмірден түңілем кейде досым.
Шалғайымнан тартқандай шиебөрі,
Шөлде қалып қойғандай бейне көшім.
Бұлақ мұзға айналып кететіндей,
Құлағымнан жел сарнап өтетіндей,
Мұрат, шіркін, пенденің пәруана боп,
Мәңгі жете алмайтын бекетіндей.
Бұлбұлымды бүргендей қаршыға кеп,
Болысам деп жүрегім шаншып әлек.
Көкірегімді аршығым келсе мұңнан,
Айқайлайды ол сығыр, аршыма деп.
Бәйге-құнан аяғын сындырғандай,
Сындырғандай мұң шайып шыңғырғандай.
Не болды деп күрсінбе, ойланамын,
Жігерімді осынша құм қылғандай.
Мені тастап достарым кеткен-сынды,
Қаға алмайтын мұңлықпын беттен сұмды.
Сіңіре алмай санама отырамын,
Самал болып еркелеп жеткен сырды.
Айналамда ешнәрсе қызық емес,
Жатады өтіп көзімнен үзік елес.
Бар адамның басында болатын жай,
Мықты болсаң, елесті бұзып егес.
Жыр құрадым, таба алмай толымды ырғақ,
Сықылықтап күледі сорым жырлап,
Тұман-тұман ойлардың түпкірінен
Тіршіліктің шырағы қолын бұлғап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу