13.08.2022
  91


Автор: Альберт Лиханов

ЖЕДЕЛХАТ ТАСУШЫ

Мен кейін тіршілік заңының соншама қызық жасалғаны жайлы жиі ойланып жүрдім. Егер сенің бір сәтте көңіл-күйің көтеріңкі болса – асықпа, көп кешікпей мұңаюыңа тура келеді. Не бір нәрседен жолың болмайды да көңіл-күйің сеңдей бұзылады. Не біреу көңіл қалдырар сөз айтады.
Біз ұйқымызды қандырып үлгірмей-ақ, жаңағы айтқандай, үйге әлде біреу кіріп келді. Жеделхат таситын кісі.
— Рыбаков осында тұра ма? – деді ол табалдырықта теңселіп тұрып.
Жеделхат тасушыдан шараптың иісі мүңкиді, қырынбаған, үрпиген жақ жүні көзінің қиығына дейінгі ауданды түгел жайлап алыпты. Қалпағы төбесіне қоныстай алмай, желкесіне таман итие жатыпты. Енді-енді түсіп кетердей.
Атам оған кәз қиығымен бір қарады да жаратпаған сыңай танытып, Жеделхатқа қолын соза берді.
— Е-һе-ей, болмайды! – деп қырылдап күлді Жеделхат тасушы. Саусақтарын сытырлатып: – Үйге әкеліп бергенім үшін... Басы түскір сынып барады. Қалай дегенмен де үш күн қардың астында отырдым емес пе.
Атам мамамнан жиырма тиын алды да жаңағыға ұстатты. Ол Жеделхатты бергенімен кете қояр сыңай танытпады.
— Естіп тұрсың ба? – дейді ол атама. – Бізді әлдебір генерал қардан аршып алды десіп жүр ғой!
— Иә, солай десіп жүр! – атам жаратпай сөйледі. – Ал, енді сау болып тұр! Мас қолын әлденеге наразы сыңаймен сермеп қойды.
– Жолы болмағыр біреу екен өзі! – үні наразылыққа толы естілді. – Ең жақсысы, бізді қардан аршымай-ақ қойса болар еді де! Қатып кетер еді! Жұмысқа барып та әуре болмайсың! Мынау қарғыс атқыр Жеделхаттарды да ешкім жолдамайды.
— Сен немене? – атам зілдене сауал қойды. – Үш күн бойы шөлмекпен шөліңді қандырып отырдың ба?
— Әрине! – Жеделхат тасушы қулана үн қатты. – Ал әлгі генералды шақырған ешкім жоқ. Соншама кім екен, ол генерал дегендері! Мүмкін менің өзім де майор шығармын. Мүмкін, әскерде сол бойы жүре берсем мен де генерал болар ма едім.
Ас үйден мамам шықты да маған «бөлмеңе бар» деді. Кеткім келмейді. Атамды мынаның қасына қалдыруға қорқамын. Егер мына маскүнем бүлік шығарып жүрсе ше? Бірақ атам да маған ым қағып:
— Бара ғой, Антошка! Бұл майорға қарамай-ақ қой. Сені қойып бұған қарауға менін де жүрегім айныйды! – деді.
Менің кетуіме тура келді, бірақ бөлмемнен де олардың барлық әңгімелері естіліп тұрған еді.
– Қалтырамай-ақ қой, – дейді Жеделхат тасушы. – Неліктен соншалықты қорқақсың. Соғыста болып көрмеп пе едің әлде? Мүмкін тылда тып-тыныш жатқан боларсың!
Мына сөзден кейін атам оған дауыс кетерер деп ойлағанмын. Табалдырықтан әрі түре қуар дегенмін. Бірақ ол тіс жарған жоқ. Ал маскүнем көйіте берді.
— Бекер тып-тыныш жатқансың! – дейді ол. – Соғыста рахат қой, шіркін! Соғыс кезінде адам едім мен, естисің бе? Бәрі де иіліп тұратын. Не бұйырсаң соны орындайды! Жаза бассаң да жазғырар ешкім жоқ. Батылдықтары жетпейді. Алға десең болғаны!
Атам әлі үнсіз отыр.
— Жоқ! – деп еліре үн қатты жеделхат тасушы, – саған оны ұғу қайда! Соғыста рахат! Шіркін қазіргі кезде соғыс болса ғой. Мен тағы да адам болып шыға келер едім!
— Мұндай сөзді айтуға, – деді атам, – аузың қалай барып тұр? Тіпті мас болып тұрсаңдағы.
— Сен не, немене сен! – Жеделхат тасушы тағы былдырлады. – Сеніңше мен Черчилль ғой деп пе едің соғысты тілейтін?
— Қане, батыр, – атам мысқылдай күлді, – табаныңды бұл жерден жалтырат. – Әйтпесе анау немерем естіп қалып жүрер. Сені шынында майор екен деп ойлап қалуы мүмкін!
— Майормын! – деп өзеуреді мас кісі.
— Тіпті майор болған күнде де, бұны ұмыт. Менен басқа ешкім естімесін.
Армияны, өзіңнің өткен өміріңді масқаралама!
— Сен өзің кімсің? – Жеделхат тасушы тағы да баж ете қалды. – Мені оқытатындай кімсің соншалықты? Подполковниксің бе? Полковниксің бе? Мүмкін генерал шығарсың. Ха-ха-ха! Генерал! Барлық генерал атаулыға түкіргенім бар!
— Жай ғана адаммын, – дейді атам. – Сеніңше сол да аз ба? Жеделхат тасушы бұрқылдаған күйі үйден шықты.
Кіре беріс бөлмеден мамамның даусы естілді. Милицияны шақыру керек еді.
— Оның пайдасы тие қояр ма екен? – Атам өте бір қажыған, шаршаған үнмен сөйледі. Адам өзінің арын жоғалтқан кезде милиция көмектесе алар ма екен?
Атам бүтін кеш бойы томаға-тұйық жүрді. Одан әлденені сұрай қалсаң ойланбай-ақ бірдеңе деп құтылады. Дәл жатар алдында ғана қолын қалтасына салып, әлдебір қағазды алып шықты.
Жеделхат! Оны тіпті ұмытып та кетіпті.
— «Қымбатты, Антон! – ол жеделхатты дауыстап оқи бастады. – Жиырма сегізінші мартта елуге толамын нүкте Міндетті түрде ұшып кел нүкте Иванов»
Атам бөлменің ішін кезіп кетті. Манағыдай емес көңілді.
– Барамын! – деп айғайлай дауыстады мамам мен папама.. – Барамын! – деп дауыстады маған.
Көзімнің сорасы сорғалап кетуге шақ қалды. Ол екеуміз каникул кезінде шаңғымен серуендеуге келіскен едік қой. Бірігіп киноға баруға да келіскенбіз. Жалпы көктемдегі каникулды бірге өткіземіз деп уәделескенбіз. Ол болса кетпекші! Кетпекші! Мені мүлде ұмытқан!
Ол менің қасыма келіп,иегімді көтерді. Көзіме көзін қадады.
— Ольга! Сергей! – деді ол. – Ал біз, Антошка екеуміз бірге кетеміз ғой. Сол сәтте бөлмеге Анна Робертовна келсін.
— Мон женераль! – дейді ол табалдырықта тұрып, өзгемізді көзіне де ілер емес. – Жеттім-ау ақыры тосқан күнге! Гриша үйленбекші! Енді өзімнің немерелерімді әлдилейтін болдым!
Атам бір күліп алып:
– Енді біздің шамамыз қалай келер екен? Бұрын сүйреп жүрген үш қол арбамызға енді сенің немереңнің қол арбасы қосылса, шамамыз келер ме екен? – деп сауал қойды.

— Мон женераль! – дейді Анна Робертовна қуана дауыстап. Қой бүлдіргеннен қайнатқан мұраппаны жегендей тамсанып қойып, көзін сығырайта сөйледі. – Бір-біріне тіркейміз. Бүтін бір поезд болып шыға келеді.
Біз бәріміз де өзімізді төрт қол арбадан тұратын поезд етіп елестетіп, кетіп бара жатқандаймыз. Паровозымыз – Анна Робертовна!


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу