12.08.2022
  324


Автор: Альберт Лиханов

ҚОЙМА

Біршама уақыт жаңарып, өткен күндер кейін жылжыды да, өмір өз арнасымен әрі қарай аға берді.
Неге екенін қайдам, әлденеден көңілім құлазитындай. Үнсіз ойланып отырған сәттерді ұнататындаймын.
Жалғыз, мүлде жалғыз жүру, қараңғы үйде көзіңді бақырайтқан күйі жату және қапалақтап ақ ұлпа жауып тұрған шақта қыбырлаған адамы жоқ қар басқан көшені жалғыз кезіп жүру ұнайтындай...
Өткен күндерді өзек өртер өкінішпен, әттеген-аймен, бірақ біртүрлі бей-жай күйде еске аламын. Өткен күндер өтті. Бірақ өтті деген мүлде ізі өшті, ұмытылды, келмеске кетті деген сөз емес қой. Ұмытуға болмайды. Өз қателігіңді есте ұстау қажет. Бұл бұдан әрі қарай дұрыс ғұмыр кешу үшін қажет.
Пионерлік жиыннан кейін сыныптағы барлық жағдай өзгерген. Жоқ, аяғының ұшымен келіп сөйлесетіндер болған емес, бірақ барлығы да ақжарқын қарап, ілтипатпен әңгімелеседі. Айтпақшы, бұл мүмкін, пионерлік жиыннан кейін емес, тиінге байланысты оқиғадан кейін болар деген де ой келеді. Жұртқа да, тіпті өзіме де басқаша көзбен қарай бастағандаймын. Әрі оңай, әрі қиын шаруа.
Газ Баллоны маған бір түрлі қызық сұраулы жүзбен қарайтындай, бірақ жұмған аузын ашып, ештеңе сұраған емес. Сабақ үстінде сыртымнан қадалған Альканың көз қарасын сезіп отырамын. Бұрылып қараған сәтімде ол маған ойлы жанарын тіктейді. Мен туралы не ойлайды екен? Білер ме еді шіркін, бірақ мен оның қасына бармайтын болғанмын. Жалғызбын. Мұның өзі адамның өз-өзіне келіп алуы үшін керек сияқты. Күн сайын мектебіме келемін, сабақтарға қатысып, сұрай қалса жауап беремін, бірақ бар уақытта да жалғыз едім. Бүкіл сынып оқушыларын өзімнен ысырып тастағандаймын.
Атам. Менің жанымнан табылар жалғыз адам – осы атам ғана.
Ол өткен жолы да ештеңе айтқан жоқ. Бір сөз айтып бетіме салық қылған жоқ.
Үн-түнсіз қоя салған.
Сөйтіп, содан әрі қарай тіршілігіміз жалғаса берді. Атам да бұрынғысынша қоймашы болып істеп жатты. Иннокентий Евлампиевич болса әлі де сауыға алмай, ауруханада жатқан, мен күн сайын мектептен кейін қоймаға соғамын.
Жәшіктердің, әртүрлі бумалардың, тайланған заттардың үйілген пирамидаларының ортасында ыбырсыған қағазға толы атамның үстелі тұрар еді. Төбесінен ұзын сымға жалғанған жалаңаш электр шамы төнеді. Еденде апельсин түсті бұрама темірі алау шашып электр плитасы тұрады. Қойманың іші суық, металл құбырлар күміс қырауларға көмілгенімен үстелдің жаны жып-жылы – электр плитасы ұялса да осы бір жерді жылытып тұрғандай.
Атам болса қалпағының құлақшынын түсіріп, қолына ескі жүн қолғап киіп алады. Бір қолғабының саусақтарының ұшын кесіп, дедегесін сетінеместей етіп, әдемілеп тігіп алған. Қалың киіммен гүржиіп отырады. Тұла бойында сол саусақтардан басқа жалаңаш бір жері жоқ. Айтқандайын, автоматты қаламы сиясы қатып, үстелдің бір шетінде жатса шарикті қаламы да тас болып бір жағында жатады, тек қана қолынан түспейтін сенімді қаруы кара қарындаш қана. Аязға шыдамдысы осы екен.
Атам қарындашын алып, қарсы алдында тұрған терезеге жанар тіктейді. Терезенің арғы жағынан кедір-бұдырлы, жартасты жер көрінеді. Жер деген айтқанға ғана, жер деген жоқ, қар астында жатқан жер емес – диабаз.
Диабаз – жартасты жыныс. Біздің ГЭС-тің бөгеуі өзеннің осы диабазды жағасына салынған. Бұл жынысты күрекпен қазу мүмкін емес. Әкем:
– Шіркін-ай, диабаз сияқты қатты бетон өндірер ме еді, – деп үнемі арман ғып жүрер еді.
Бірде ол ондай жаңалықты да айтып келген, бірақ мен естіген бойда ұмытып кетіппін. Атам ұмытпапты. Үндемеген қалпы, қарындашымен қағазды шимайлай, анықтама кітаптарды ақтарады, содан кейін логарифм сызғышына салып, әлденелерді есептейді.
Мен одан нені есептеп жүргенін сұрағанмын. Атам естімеген адамдай үнсіз қалған. Мен де тақымдамадым. Жауап бермегені – демек, айтқысы келмегені,
Бір апта өткен соң атам жатар алдында әлденені сыбырласын.
— Бері қарашы, – дейді ол, – өте қызық есеп. Бір деммен бүкіл алаңды даяр
етесің.
Мен ең әуелі оның не туралы айтып тұрғанын ұққан жоқпын. Атам әкемнің сөзін
еске салды. Ленинградта біздің станцияға арнап турбина жасау керек, әрбір турбинаның қуаттылығы екі жүз мыңнан астам киловатт міне саған керемет керек болса, тек жұмыс істейтін доңғалағының днаметрі алты метр.Мұндай турбинаны жасау үшін – еһе! – қанша еңбек керек деңіз, сонан соң оны алып жүрудің өзіне бүтін бір эшелон керек болар, әкелген соң оны құрастыру қажет. Ал құрастыру үшін арнаулы алаң қажет. Жай ғана алаңқай емес, жә деген алаң. Крандарды орналастыру үшін. Турбинаның бөлшектері де сонда тұрады. Ал біздің жер болса – өзіңе белгілі. Диабаз! Алаңның бетін тегістеу үшін қаншама техника, күш, адамдар қажет.
— Түсінесің бе? – деп сыбырлайды атам, – ал мен осыларды бір-ақ рет!..
— Бір-ақ ретің қалай? – дедім мен түкке түсінбей.
— Бір-ақ рет бұрқ еткізіп қопарылыс жасау арқылы! Тек қана дәлдеп есептеу
керек.
— Сөйтіп, ол әзір ешкім жоқ кезде өз қоймасының көгілдір терезесіне қарап
қойып, аязға тоңбайтын қарандашымен әлденелерді жазады кеп. Атамның аяқтары жылы жерде тұрса да демінен бу ұшады.
Сәл жымиып қойып, өзінің сүйікті әнін ыңылдайды, ал мен болсам өзіме-өзім айтып тұрғандай, басқаға естілместей етіп оның әнін жалғастырамын:
Қаза келсе – қас қағымдық өлімі, Жара болса – жан қинамас жеңілі.
Атам қопарылыс жайлы, ал мен атам жайлы ойлаймын.
Бірақ ол туралы мен ғана емес, басқалар да ойлайды. Бірде есік шалқасынан ашылған кезде табалдырықта Анна Робертовна тұрды. Мен оны көптен бері көрмеген едім. Француз әйелдің қолына ұстаған түйіншегі бар.
– Мон женераль, – дейді ол жылы жымиып түйіншегін шешіп жатып. – Біздің Гриша біреуге ғашық болып қалыпты! Сондай сүйкімді қыз екен. Қуанышымда шек жоқ, тфа-тфа, көзім тиіп кетіп жүрер! Түйіншектің ішінен кішкентай ыдыс шықты. Анна Робертовна ыдыстың қақпағын ашқан кезде одан қарамық төбінің сүйкімді иісі аңқыды.
Мен ол ұсынған дәмнен бас тартқанмен атам ашқарақтана кірісті, екі бетіне қан жүгірген. Анна Робертовна үстелге сүйене тұрып, Гришаның қалай үйленетіні жайлы күбірлеп әңгімелейді.
Мен француз тілін үйренуім жайлы есіме алуым мұң екен, күрсініп салдым. Қарап тұрыңыз, Анна Робертовнаның немересінің бірден французша сайрайтындығы айдан айқын мәселе. Перзентханадан шығып келтен бетте: «Бонжур, гранмаман!» деп айқайламасына кім кепіл.
Немесе француздар әже дегенді қалай атаса соны айтатын болар...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу