Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  78


Автор: Ғалым Әріп

Әке

Түсінбей әлі жүрсің бе,
Жүрмісің ,әлде, қия алмай?
Ұлыңды ойлап күрсінбе,
Мақтан тұт тіпті ұялмай.
Еркімді өзім алайын,
Емеспін енді жас бала.
Ортамда сүйген қалайын,
Ұшырар баптап астана.
Жүректі жарған өлеңім
Жатқанда қайнап миымда:
Тағдырға не деп көнемін,
Тағдырды жеңу қиын ба?!
Бұйырған мынау өмірден
Бұйығып қалай өтейін?
Онанда аспан көгіне
Аққу боп ұшып жетейін.
Самғаумен талмай,
Қалықтап,
Арманға қарай жүзейін.
Шырқауға шыңда шарықтап,
Өзімше бағыт түзейін.
Болғанмен балаң тәттілеу,
Бақытым жолын байлама.
Ұлыңа тілеп ақ тілеу:
«Аман жүр,-деші,-қайда да».
Мақсатым емес,
Мақтанып
Қалдыру бір сөз артыма.
Бойымда барды ақтарып,
Берсем деп едім халқыма.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу