Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  62


Автор: Ғалым Әріп

Бас ию

Төлі едім шалқар қоныс, иен даланың,
Көзіме оттай ыстық кең алабым.
Бас ием киемдейін Көк Тәңірге,
Бас ием алдында мен Жер-Ананың.
Сол Дала бағын берген, жалын берген,
Бойыма отты намыс, дарын берген.
Бас ием қасиетті бабаларға,
Қан төгіп, сол жер үшін жанын берген.
Жүректе ағыл-тегіл жатыр ағын,
Жүректе жолбарыстай батыл арын.
Бас ием Бекет атам аруағына,
Бас ием әулиелі өр топырағым!
Бас ием Қазақ деген ұлтыма мен,
Бас ием текті тайпа-жұртыма мен.
Таныған Адайымды алты алаш,
Таныған Маңғыстауды бүкіл әлем!
Қазақтың қаны бірге, туыс бәрі,
Туған жер – туған елдің ту ұстары.
Маңғыстау – Қазақстан донорындай,
Маңғыстау – ұстарадай уыстағы.
Бас ием бөлек бітім, нар қылыққа,
Бас ием көшелілік, арлылыққа.
Бас ием Отан деген ұлы сезім,
Құлақта тұрар мәңгі жаңғырыққа.
Көңілім қимас досқа шын құлаған,
Шыбын жан шындық іздеп шырқыраған.
Ханның да қаһарынан қаймықпаймын,
Халқымның алдында ал құлдық ұрам!
Толқындай тербелтеді жанымды жыр,
Тірегім әке – асқар шың, алып тұғыр!
Бас ием мың-сан мәрте анашыма,
Сыйлаған шексіз бақыт – жарық ғұмыр!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу