Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  79


Автор: Рза Оңғарбай

Адасу

Алақ-жұлақ айналаға қарасып,
«Оңға бұр» деп, «солға бұр» деп таласып,
Келе жатып ұлы жолдан ауытқып,
Ала қырда кеттік бір күн адасып.
Аңғалдыққа азаматтар өкінді,
Күн кешкірген, жаз еді бұл екінді.
Келіп жетті қап-қара түн, жын-пері,
Бізді қоршап, қамап алған секілді.
Жөніне қап қайтпақ ойлар саят қып,
Көңіл енді табар емес тояттық.
Жүз грамды артық ішіп, шаршап қап,
Ұйықтап жатқан шопан досты ояттық.
Табиғатқа тамыршыдай қырағы,
Шопан достың былай болды сұрағы:
«Ей доғалдар, қайда тұрмыз? Бұл жердің
Қараңдаршы қандай екен құрағы?»
Ей мынауың қызыл изен, бүрген бе?
Мына ақымақ осынша ұзақ жүрген бе?
Басқа жерде тұқымы жоқ бұл шөптің
Маңдай тіреп келіп тұрмыз Түргенге.
«Жер бедерін келіп тұр бір қарағым,
Фарыңды жақ, көрсет жолдың торабын.
Ақ топырақ, ащылық қой, дұп-дұрыс,
Мәшинеңді кейінге бұр, дорағым»
«Бүгін бізге аң бұйырмас ауларға,
Қиыстама, ұрынарсың тауларға.
Анау биік көк жұлдызды көрдің бе?-
Енді содан маңдайыңды аударма.»
Алдық тағы белді буып бекемдеп,
«Иә, сәт,»-деп жүріп кеттік, жетем, деп.
Мен ойладым, туған жерін шын сүйген,
Ешқашан да адаспайды екен-деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу