Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  108


Автор: Рза Оңғарбай

Сен шырқа, шырқау үшін туған талант

(Әбілге)
Тіршілік тынши қалып сай-салада,
Ән кетті арындап бір айдалаға.
Әніңді ғашығыңдай аялайсың,
Ән үшін туып па едің , қайран аға!
Жұлқынып жыр тұлпарын қамшыладың,
Білмеймін, қалай ғана жан шыдады...
Кеңсірік тұз құйғандай, қолқа ісініп,
Көзімнен ып-ыстық жас тамшылады.
Шығынып шыған дауыс шыңға асқанда –
Жұлдыздар жарқылдады түнгі аспанда.
Азабын қу тірліктің кетті ұмытып,
Әніңмен жаным менің мұңдасқанда.
Сүйсе жұрт қазақы әнді сүйсін мендей –
Тұла бой шымырлады күй сіңгендей.
Ғажайып сол әсерден тәнімдегі
Тамырым алпыс екі исінгендей.
Қалдым-ау сең соққандай құр сілейіп,
Көрмеп ем мен өзіңдей жыр сүлейін.
Сен шырқа, шырқау үшін туған тағдыр –
Мен байғұс шыр тарқатып күрсінейін.
Талақ қып кетсең әнді, жағыңды ашпай,
Жұртыңның жайы бар ма сағынбастай?..
Бақытын талай әннің ашқан едің –
Әндерің енді өзіңнің бағыңды ашқай!..
Салғанда салқам әннің ырғамасын –
Өзің де шоқтай жайнап нұрланасың.
Елінің ескермеуі мүмкін емес
Қырық жыл ән тербеткен бір баласын.
Өмірдің бес күн тірлік - бес қонағы,
Дей алман «еңбегіңді еш болады».
Бақыт та басы айналған соқыр құс қой –
Басына кейбіреудің кеш қонады.
Ән салсаң риза боп кетер халқың,
Сездің бе заманыңның мекер қалпын?..
Жер – керең,
Асқақ әнді аспанға асыр,
Құдайдың құлағына жетер, бәлкім..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу