Өлеңдер ✍️

  10.08.2022
  86


Автор: Рза Оңғарбай

АТ ҮСТІНЕН ОЙНАЛҒАН ЖАСЫРЫНБАҚ

Шуақты еді шырайлы күн ғаламат,
Астарында тоқ жарау кіл қазан ат
Туған жерді бетке алып, сар желіспен,
Келе жатты бес бірдей пірлі азамат.
Арман шіркін десек те алып ұшты,
Бұл пендеңіз тағдырға бағынышты.
Жыр қып айтып келеді кезек-кезек,
Жүректегі жып-жылы сағынышты.
Ұсынғандай кенеттен сыйын бақыт,
Жүйріктерге жарысу қиын ба түк
Көрінгенде қара жұрт азаматтар,
Шапты дейсің шуласа құйындатып.
Шырқап берді біреуі ақтарып ән,
Сәт болды бұл бір ғажап бақ дарыған.
Аунап жатыр жігіттер туған жерге,
Домаланып түсе қап аттарынан.
Құрығандай қатер мен қаупің қашып,
Мәз болады күлісіп, қауқылдасып.
Бірін-бірі қызықтап қапелімде,
Болар емес жігіттер мауқын басып.
Мұндай сәтте кім жүдеп, кім арыған,
Айтар ма еді аңқытып, шығарып ән!
Атқа қонды қайтадан азаматтар,
Шыққандай боп әйтеуір құмарынан.
«Бір қызықтан қоярмыз мақұрым қап,
Тыңдасаңдар... мырзалар, ақылымды ап,
Бала болып соңғы рет, - деді бірі,
Ат үстінен ойналық жасырынбақ».
«Шаршадың ба, Дәлубай, демаласың.
Көзіңді жұм, «стукта» сен қаласың»,-
Деді-дағы төрт жігіт шауып кетті,
Туған жердің бетке алып кең даласын.
Көзін ашса Дәлубай аңтарылған,
Әудем жерде төрт ат тұр қаңтарылған.
Кезек-кезек қарайды төртеуіне,
Көрінбейді ешкім де жан-жағынан.
-«Бетке айтқаным, жігіттер, өсек емес,
Бұл Дәлубай сендерге есек емес.
Тығылуға болмайды аттан түсіп,
«Тіпәк», «тіпәк» бұл ойын есеп емес».
Басын тежеп төбелдің тайтаңдаған, -
деп Дәлубай достарға айқайлаған.
Ат жалына тығылған төрт жігіттің,
Болып шықты ешбірі байқалмаған.
Оралғандай баяғы тамаша жаз...
Дәлубай тұр қысылып... о да Сабаз!
Кең даланы керемет күлкі басып,
Болып жатыр ағалар балаша мәз.
Бал-бұл жанып жүздері өртенеді,
Осы бір сәт не деген көркем еді!
Сағынышты ағалар сәбиге ұсап,
Туған жерге осылай еркеледі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу