Өлеңдер ✍️

  09.08.2022
  279


Автор: Мұхамбетберді СҮЙІТОВ

Шым-шытырық, айқай-сүрең бұл қоғам...

Шым-шытырық, айқай-сүрең бұл қоғам,
Еңсесіз ел, рухсыз ер Құдай-ай!
Тағдырымыз түзелмей-ақ жүр содан,
Түс секілді тірлігіміз бұлағай!
Елдің көшін ессіздер жүр тізгіндеп,
Ұрандатып ұпай жинау бар ісі!
Ел байлығын қылғытуда құзғын көп,
Мынау заман – байлық табу жарысы!
Көк жәшікте кемел халық, көрікті ел,
Ал ақиқат назардан тыс жатады.
Тағы он жылдан дамимыз деп «көріпкел»,
Миллиондарға міз бақпай тіл қатады.
Солай болса, арман бар ма жалғанда?!
Бірақ неге алдамшы өмір сүп-сүрең.
Анау жанға бір баспана арманда,
Ал байшыкеш сарайында құс-кілем!
Анау туыс нан мен суға зарықты,
Қирандының ортасында ауылым.
Қарынбайлар өзін ойлап қамықты,
Міне, солай шын ақиқат бауырым!
Имансыз ер, ібілістің ылаңы,
Менің елім үрейлі түс әлемі.
Жан едім ғой жадында бар Құраны,
Мең-зең жүрмін оянудан дәмелі!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу